Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері құны 43 миллион теңгеге бағаланған 54 бас жылқыны өрістен айдап әкеткен ұрыны ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлан ауданындағы шаруа қожалық иесі жайылымдағы 54 жас жылқысынан көз жазып қалғаны туралы аудандық полиция бөліміне арызданған. Жылқысының ішінде бір биенің мойнында GPS трекері болғанын айтқан. Арнайы құрылғы GPS трекер ажыратылғанын анықтаған. Тәртіп сақшылары дереу іздеу жұмыстарына кірісіп, тікұшақ және дрон арқылы аумақты бақылауға алды.
«Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде GPS трекері бар биені атып өлтірген Абай облысының бұрын сотталған 46 жастағы тұрғыны анықталды. Күдікті тұратын үйді тексеру және тінту жүргізу кезінде құқық қорғау органдары мал қорасынан заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Аталған факті бойынша ШҚО ПД ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі (Мал ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қазіргі уақытта сот сараптамалары тағайындалды, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», деп жазылған хабарламада.