• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 17 Қыркүйек, 2023

Тағдырмен тайталасқан

437 рет
көрсетілді

Он екі мүшесі сау кезінде адам келешектегі тағдырдың сыбаға-сыйының қандай боларын ойлай бермейді-ау. Басына күн түскенде бордай езіліп, берекесін кетірмей, қайта мынау жарық дүниеде бір күн болса да мазмұнды, мағыналы күн кешейін деп ұмтылу үшін көкірегінде құштарлық, жан-дүниесінде қажыр-қайрат болуы керек екен.

Он саусағынан өнер тамған Евгений Беккер де тағдыр тәлкегімен тайталасамын деп ойламаған. Бәрі өз ырғағымен өтіп жатқан тәрізді еді. Урюпинка селосының тумасы көпбалалы отбасында ер жетті. «Балалы үй – базар» дегендей, үйінің іші күмбірлеген күміс күлкіге толып тұратын, төңіректің бәрі шаттықтың құшағында, уайым-қайғының қалың шілтерлі торы тұмшалап көрмеген. Әкесі өмірден ерте өтті. Отбасының тіреніші де, мықты таянышы да әке екен ғой. Қайран да қайран әкенің қамқорлығынан айырылған соң еш адамды аяуды білмейтін жетімдіктің тиген жерін ойып түсер азу тісі ақсиып, төніп келген қапқысы келетіндей ме қалай? Үш інісі мен кішкентай қарындасы әке қамқорлығын көрмей өсті. Тағ­дырдың салған қиындығы жал­ғыз асқар тау әкесіз өту емес екен, мұның маңдайына тағы бір ауырт­палық жазылыпты. 19 жасында ой­ламаған жерден жол апатына ұшырады. Бірінші топтағы мү­ге­дек болып қалды. Кең дүние та­рылғандай, ағын су тоқтағандай. Евгений үшін ендігі тірліктің ешбір мәні жоқ тәрізді. Оңашада зілмауыр қорғасындай қалың ойға берілді. Енді көрген күні қалай болады. Төрт құбыла тегіс қараңғы. Сол қараң­ғылық құшағынан шығарар үміт сәулесі сәл ғана ұшқын шашатындай. Кейін ойлап қараса, өз бойындағы қызылды-жасылды тіршілікке деген шексіз махаббаты, құштарлығы екен ғой. Бір тәуірі апатқа ұшырағанша, орта білім алған. Селодағы қырманда оператор болып жұмыс істеген әрі Отан алдындағы әскери борышын өтеп, темірдей тәртіпке шыңдалған. Аз да болса өмір мектебінен өтіп үлгерген.

Айтпақшы, әскерде жүргенде өз бойынан бұрын байқай бермейтін қызығушылықты аңғарған. Шын­дап шұғылданса, көз жауын алатын әдемі бұйымдар жасай біледі екен.

– Кейде адам бейімі өсе келе пайда болады деп жатады ғой. Мүмкін солай да шығар, әйтеуір өзім тал­­пынып үйреніп кеттім, – дейді Евгений.

Қазір ол көздің жауын алатын қойын дәптерлер мен әртүрлі пі­шін­дегі қобдишалар жасайды. Зат­тың сәніне қызыққан әрі қажетті болған­дықтан ат-түйедей қалап алушылар да аз емес. Шебердің өз айтуына қарағанда, алдағы уақытта әр бұйым­ның пішінін жетілдіре түспек.

Бәлкім, шынайы шеберлік осын­­дай тынымсыз еңбекпен жолдас шығар. Ең бастысы, тағдырдың салған сынағына мойымай, тірші­лік­тің ақбас толқындарымен алысу­ға қаптал жетіп жатқан қажыр-қай­рат­т­ы айтсаңызшы. Ақжарылып айтқан әңгімесінен ешкімге масыл болуды қаламайтынын аң­ғар­дық. Қалай болған күнде де тұла бо­йында шымшымдап жоқ, буыр­қанып тұрған нағыз ерлерге тән қайраттың бар екенін жан жүре­гімізбен сезіндік.

Бүгінгі таңда Евгений Наталья Николаев­намен бірге тұрады. Мүге­дек­тігіне байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек бар әрі анасының жан жылуы кө­кі­регін жылытып, ештеңеден кемдік көретін жайы жоқ. Ең бас­тысы, өмірге деген құштарлық, тір­шілікке деген талпыныс бар. Ал жасаған бұйымдарын өткізу туралы жарнама жасап көр­­­мепті. «Ел құлағы елу» деген рас, осын­дай шебердің бар екені туралы әңгіме ел ішіне тарап кеткен. Жалғыз қиындығы – қобдишалар жасайтын материалдардың тапшылығы. Қа­жетті заттардың бағасы өсіп, қас­­­­қал­дақтың қанындай қат болып кет­келі қашан. Өзіндік құны өскен соң үстіне қолақысын көп қоса алмайды.

– Ауылдық жердегі қарапайым халықтың табысы оншалықты қо­мақты емес қой, – дейді шебер, – қымбатқа сатсаң қиналып қалуы мүм­кін. Өз жағдайымды да ойлауым­ керек. Қажетті шикізатты арнаулы онлайн дүкендер арқылы алып отыр­мын.

Ел ішінде жанашыр жан аз емес. Евгенийдің қарекетін көргеннен кейін оған әлдебір жомарт жан арнаулы кереует сыйлапты. Жергілікті «Урюпин и К» серіктестігінің директоры Г.Богина және инвестор П.Колодюк көмек қолын созып тұрады екен.

– Адам кез келген қиындыққа төзеді. Әйтсе де ет жақын туыс пен көзтаныстардың жан жылуы керек-ақ. Ертеректе әрқилы конкурстарға қатысушы едім. Еңбегіме орай алған дипломдарым мен Құрмет грамоталарым да жетерлік. Ең басты марапат – жұртшылықтың құрметі, дейді шебер.

Сөз соңында шебер өзін ешкімнің мүсір­кегенін қаламайтынын жеткіз­ді. Қимыл-қозғалысы қиын болса да, өр көңілде өмірге деген өлшеусіз махаббат бар. Ал махаббат – бар қиын­дықтың құрсауын бұзып-жа­рып кететін құдіретті күш. Сол құ­дірет бірінші топтағы мүгедектің қос қолтығынан періштедей желеп-жебеп, алға сүйреп келеді. Жайсаң жан­ның жан сырын ұққан соң жо­лың ашылсын дедік іштей біз де кемел келбетіне сүйсініп...

 

Ақмола облысы,

Ақкөл ауданы