• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2023

Өзбекстанның бас мүфтиі: Исламда киімнің қандай да бір формасы туралы ештеңе айтылмаған

453 рет
көрсетілді

Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан «домбыра – харам» деген тоңтеріс пікір мен мектеп оқушыларының білім ошағына оранып баруы орасан резонанс тудырып отыр. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында шыққан «Дін талабы көпке ортақ» мақаласынан үзінді ұсынып отырмыз.

Мақала авторы Ескендір Зұлқарнай көрші өзбек елінде де ертеректе ата-аналардың арасында баласы мектепке жалаң бас баруына наразылық танытқандардың аптығын басып, айылын тартқызу үшін өзбек билігі қыз балаларға ақ немесе ашық түсті орамал тағуына болмаса ұлттық нақыштағы тақия киюіне рұқсат бергенін жазған. Қыздарына  орамал тартқызып, хиджаб кигізуді көксегендердің көкейіндегісін білім саласына жауапты министрлік осылай ауыздықтады. «Біздің міндетіміз – мектепте сапалы білім беру» деп шегелеп айтты.  

Бұл мәселе Өзбекстанда қалай оң шешімін тапқаны мақалада тереңдей байыпталған. Өзбекстанның діни басқармасы бұл мәселеде нақты байлам айтып, мәселенің үдей түсуіне тоқтам салып отыр. 

Өзбекстанның бас имамы Нұриддин Холикназаров бүй деді: «Діни киім кию мәдениетінде асыра сілтеп, шектен шығу байқалады. Асыл дінімізді таяз түсінетіндер Ислам белгілі бір киім киюді, белгілі бір сыртқы келбетті білдіреді деген пікір қалыптастырды қоғамда. Пайғамбарымыздың мүмін мұсылмандарына аманат еткен өзіндік қағидасы бар. Соған сай байыптар болсақ, Исламда белгілі бір форма қабылданды деу – адасушылық, олай болуы  мүмкін де  емес. Себебі Ислам бір ғана ұлттың, не болмаса белгілі бір климаттың діні деген түсінік жоқ. Арабтардың өз киімі бар, түріктердің өздерінің ұлттық нақыштағы киімі жарасымды, Индонезия мен Малайзиядағы мұсылмандар өз ұлтының киімін киеді, өзбектердің де ұлттық нақыштағы киімі бар, соны дәріптейді. Ислам діні киімге қатысты да ұстамдылықты әрі пенделікке салынып, шектен шықпауға үндейді. Ата-ананы  құрметтеу олардың аяғын жуып, сол суды ішу емес. Ислам дінінде ата-анаңды Мекккеге апару парыз саналады, бірақ сол қасиетті орында әлем халқына жария жасап көптің көзінше аяғын сүю мұсылмандықтың міндетіне кірмейді».

Қазір орамал мен хиджаб мәселесі бізде де өзекті мәселеге айналып отыр. Қоғамның «қан қысымын» көтерген түйткілге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да пікір білдірді.

«Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұ­сыл­ман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең тү­сінуге тиіс. Алайда шари­ға­­тымыз балиғат жасына тол­­­ма­ған қызға орамал тағу­ды міндеттемейді. Мұны да мұ­­­сылман жамағаты дұрыс түсінуі керек. Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабы­мыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тың­даушыны имандылыққа, із­гі­лікке, адамгершілікке, Отан­ды қорғауға, ата-анамыз­ды қадірлеуге шақырған. Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақты, негізсіз пікір ай­тып, халық арасында тү­сін­беушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құнды­лық­тар­ға қарсы келу дұ­рыс емес екенін мәлім­дейміз», деді мүфтият.

«Домбыра – харам» деген сөздің елге танымал тұлғаның емес, ешкімге белгісіз қара­па­йым тұрғынның аузынан шыққанына қарамастан, осын­­­­ша қоғамдық дүмпу ту­ғы­зуына TikTok секілді тара­лы­мы жылдам желілердің де әсері болғаны көрініп тұр. Бұл әдейі жасалған арандату әрекеті болуы да ғажап емес. Діни сауаты тө­мен же­лі қолданушысының бір теріс сөзі үшін бүкіл қо­ғам­­ның дүрлігіп, жаппай шулауы қаншалықты орын­­ды? Мұны көрген жат ағым өкілдері мен қоғам ты­ныш­тығын шайқалтқысы келетін арам пиғылдылар дә­меленіп алып, ертеңгі күні осындай арандату мақса­тын­дағы видеолар жариялауды әдетке айналдырмасына кім кепіл? Мұндай кезде дін саласындағы уәкі­летті орган – Дін істері коми­теті мен мүфтият тарапы­нан дер кезінде пікір білдіріліп, желіні шулатқан теріс пікір­лер­ге уақтылы тойтарыс бе­рілуі керек. Ал өзге жұрт мә­се­лені сан-саққа жүгірт­пей, ма­ман­дардың түсінік­те­месіне құлақ асса құба-құп. Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген жиын­­да: «Әкімдерге құзырлы органдармен бір­ле­сіп, дін саласындағы жұ­мыс­ты жандандыруды тапсырамын», деген болатын. Бұл тапсырма қаншалықты талапқа сай орындалып жат­қанын айту қиын» деген Ескендір Зұлқарнайдың  пайымы да орынды.  

Басты құндылық ұлттық дәстүріміз екенін естен шығармағанымыз дұрыс қашанда.