Мемлекет басшысы Словенияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусарды келесі жылы елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
«Мен сізді Қазақстанға сапармен келуге ресми түрде шақырамын. Келесі жылы маусым айының ортасында елімізде Астана халықаралық форумы өтеді. Онда саясат және экономика мәселелері талқыланады. Биылғы маусым айында өткен форум өте табысты болды. Өзге мемлекеттердің басшылары, премьер-министрлері, сондай-ақ көптеген трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен бірге Сіз де аталған форумның негізгі спикерлерінің бірі боласыз деп үміттенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер Қазақстан мен Словенияның сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастық перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ әңгімелесу барысында фармацевтика, логистика және IT индустриясы салаларындағы өзара байланыстардың оң тәжірибесіне назар аударылды.