Жаз бойы жауынның ала-құла жауғанына қарамастан солтүстікқазақстандықтар біршама жақсы астық өсірді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, орта есеппен кемінде гектарынан 12-13 центнерден астық жинауға үміт бар еді. Бірақ тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында үзіліссіз жауған жаңбыр диқанның көңіл-күйін түсіріп кетті. Дестеге түскен астық та, дәні де өніп кетіп жатыр. Күн сәл ашылғанда дестені аударумен айналысып жатқандар көп. Алқапқа комбайн оңайлықпен кіре алмайды, жауын жерді езіп жіберген.
Тамыздың соңғы онкүндігіндегі үзіліссіз жауын 51,9 мм болып нормадан 108 пайызға асқан. Ал қыркүйектің алғашқы декадасындағы жаңбыр нормадан 54 пайызға көтерілген.
Астық жинауға барлық мүмкіндік бар еді, ол туралы «Егеменге» толық жазған болатынбыз. («Egemen Qazaqstan», 04.09.2023 жыл). Жалғыз көңіл көтерерлік жайт, қазір астықтың сатып алу бағасы көтеріліп, 95 АҚШ доллары деңгейіне жетіп отыр.
Облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары «Үш аптадан бері ауа райының қолайсыздығы бізге орақ науқанын жүргізуге кедергі болып тұр. Ашық болған соңғы күндерде ғана диқандар жиын-терімге қауырт кірісті. Алайда астықтың сапасы ылғалдың артуынан нашарлауда. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына нақты мәселелер қойдық. Қазіргі, ылғалдылығы 20 пайыз астықты құрғатып, ең болмаса 14-15 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін жеңілдетілген бағамен қосымша ЖЖМ-ның (жанар-жағар май) жаңа көлемі босатылуы керек. Бұларды астық қабылдау пункттері, қырмандар мен элеваторлар қолданып, астықты құрғату жұмыстарына жұмсайды», деді ол.
Жеңілдетілген баға дегеніміз – ЖЖМ-ның литрін 250 теңгеден босату деген сөз. Осыған дейін орақ науқанына осы бағамен ЖЖМ жеткілікті көлемде босатылған. Енді астықты құрғату жұмыстарына да осы бағамен ЖЖМ босатуды сұраған өтініш министрлікке аттандырылыпты. Сонымен қатар астық қабылдаудың сапалық нормасын өзгерту де ұсынылған. Бұрынғы қатаң норма сәл жұмсартылмаса, диқанның еңбегі еш болуы мүмкін. Ал «ҚазАгроҚаржы» және Азық-түлік корпорациясынан қосымша субсидиялар сұрауға өтініш берілген. Сатып алу бағасы да қайта қарастырып, диқанның еңбегін ақтауды ескеру сұралған.
Аққайың ауданындағы «Астрахан» ЖШС – облыстағы үлкен ауылшаруашылық кәсіпорындарының бірі. Олар жыл сайын 7 мың гектар жерге астық егеді. Шаруашылық директоры Жанархан Макеновтің айтуына қарағанда олардың алқаптарында биыл да жақсы астық шығыпты. Алайда ауа райы қолбайлау болып, өсірілген астықтың әлі 20 пайыздайы жиналмаған екен. «Алдымен 10 күн бойы үзіліссіз жаңбыр жауды, сәл тыныстаған соң тағы 5 күн бойы толассыз жауды. Әрбір жылт еткен сәтті күнді пайдаланып қалуға тырысудамыз. Жалпы астық шығымдылығы жаман емес, үшінші сыныптан төмені жоқ. Бәрін де Азық-түлік корпорациясына өткізудеміз», деді ол. Осы Аққайың ауданындағы «Смирнов элеваторы» – 100 мың тоннаға дейін астық қабылдай алатын іргелі кәсіпорын. Қазір оған 30 мың тоннадан артық астық түсіпті. Кәсіпорын директоры Владимир Непушкиннің айтуына қарағанда, күніне 1 500-2 000 тоннадай астық қабылдап жатыр екен. «Түсіп жатқан астықтың сапасы соншалық жаман деп айтпаймын. Ылғалдылығы көбірек екені рас, бірақ кептіру жұмыстарын атқарып, үшінші сыныпқа жеткізуге болады», деді ол.
Марат Тасмағамбетов депутаттардың алдында сөйлеген сөзінде синоптиктердің алдағы екі аптада күннің ашық болатынын айтқанын жеткізіп, осы уақытта астықты толық жинап алармыз деген үміт білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысы