Атырауда өткен «Sarayshyq upgrade-2023» халықаралық форумына Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және еліміздің облыстарынан 200-ден аса жас жиналды.
ІТ, маркетинг, музыка және кинематография бағыты талқыға түскен жиын секцияларында «Nomad Stunts» каскадерлер тобының мүшесі, актер Жандос Айбасов, Ернар Нұрғалиев, «Red Jolbors» фестивалінің ұйымдастырушысы Антон Ким, «СЕО Naimi.kz» негізін қалаушылардың бірі Ерлан Есімсейітов, «Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан шеберлік сағатын өткізді.
«Жастардан тұлға ретінде дамуға деген ұмтылысты, ынта-жігерді көріп тұрмын. Форумның атауын өздері таңдап алды. Олар осылайша, ел тарихына терең бойлап, жан-жақты ізденетіндерін көрсетіп отыр. Президенттің жастарды алға жетелейтін, тың идеяларды іске асыруға мүмкіндік беретін, мәдениетімізді жаңа бағытта насихаттайтын креатив индустрияны қолдау қорын ашу жөнінде тапсырмасы бар. Осы орайда облыс әкімдігі жастарға кино, ІТ технология және басқа да бағыттағы жобаларды іске асыруға қолдау көрсететін индустрия орталығын ашады», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Әкімнің пікірінше, жастардың мұндай форумын жыл сайын өткізуге болады. Өйткені жаңалықты жатсынбайтын жалынды жастары бар ел зор жетістікке қол жеткізеді. Ал бұл форум талапты жастардың бір-бірімен тиімді қарым-қатынас орнатуына, тәжірибе алмасуына септігін тигізеді.
Замандастарына IT саласын таңдауды ұсынған Ерлан Есімсейітов: «Қазір ІТ саласы қарқынды дамып келеді. Елімізде бұл мамандықты таңдағандарға тәжірибе жинайтын алаң да бар. Бұл – «Astana Hub» цифрлы технопаркі. Мұндай хабты еліміздің өзге қалаларында, оның ішінде Атырауда да ашу жоспарланған. Демек жастарға өзі тұратын шаһардан алысқа ұзамай-ақ жобаларын әлемге таратуға мүмкіндік туады. Музыка, кино, маркетинг бағытымен барлық елде жұмыс істеуге болады», деді.
«ForteBank»-тің маркетинг жөніндегі директоры болған Антон Кимнің айтуынша, бұрын «креатив» сөзіне үрке қарайтындар көп болған. Қазір бұл сөз трендке айналды. «Кейінгі екі аптада Мемлекет басшысы креатив туралы екі рет пікір білдірді. Сондықтан жастар бұған назар аударуы қажет. Оның үстіне Атырауда креатив жастарды қолдайтын индустрия орталығы ашылғалы отыр. Демек жастар буырқанған бұла күшін емес, креатив жобаларды іске асыратындай ізденісін танытуға тиіс», деді А.Ким.
Кинематография секциясында режиссер Ернар Нұрғалиев тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, комедиялық картиналарға қызығушылық арта түскен. Әрине драмаға, қорқынышты фильмдерге де сұраныс бар.
«Алдымен сұранысты анықтау қажет. Бұл үшін әлеуметтік зерттеу жүргізетіндер бар. Кейбір салаға сұраныс азаюы мүмкін. Қазір көпшіліктің қалауы комедиялық фильмдерге ауып тұр. Әрине, триллер түсіргім келеді. Алайда әзірге комедиялық картиналар қажет», дейді Ернар Нұрғалиев.
Актер Жандос Айбасовтың айтуына қарағанда, бұл салада менеджерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе актерлерге менеджер қажет. Тиктокерлер мен блогерлер де ролик, фильм түсіріп жүр. Олар – әрі актер, әрі режиссер.
«Креатив дегеніміз не? Бұл – музыка, бұл – маркетинг, бұл – IT, басқаша айтқанда, ауқымды бір индустрияға біріктірілген түрлі саланың жиынтығы. Мұның бәрін бір адам жасауы ғажап емес. Мәселен, мұнай мен газдың бағасы бір жылда бірнеше рет құбылады. Кейде бірнеше жыл бойы тұрақты болады. Бұл – нарықтың конъюнктурасы. Бұған керісінше, бір жас жігіт қызықты, қосымша құрастырды делік. Сол қосымшаның бағасы бастапқыда 100 доллар болуы мүмкін. Ал кейін миллиардқа, бәлкім, 100 миллиард долларға жетуі мүмкін. Міне, бұл – креативті қадамның жемісі», дейді Антон Ким.
Жастардың топшылауынша, елімізде креатив индустрияның үлесі әлі де төмен. Ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі бір пайыздан әлдеқайда аз.
«Креатив индустрияның артықшылығы неде? Бұл – өз өнімін бүкіл әлемге сатуға шығаратын жол. Бұған мысал көп. Бүгінгі «Wоlt» немесе «Glovo» кереметін эстониялық жігіттер ойлап тапқан. Қазір бұл жобалар көптеген елге тарап жатыр. Ал елімізде ше? Бізде мұндай жаңашылдық әлі де аз екені белгілі. Бірақ елімізде де креативті жобалар іске асатынына сенемін. Осындай форумдар жастардың креатив индустрияда жаңашыл жобалар ұсынуына, өз өнімін шығаруына, инвесторлардың назарын аударуына жол ашады. Өйткені ТМД-да, Еуропа мен Азияда танымал бола алатындай қосымшаны жасау қиын емес», деп түйіндеді ойын А.Ким.
Инженер мамандығын меңгерген спикер маркетингті әлеуметтік инженерияның бір түрі деп есептейді. «Инженерлер – негізгі үдерісті дамытатын мамандар. Жалпы, адамдарды гуманитарлық және жаратылыстану, не математика бағытына бөлуге болмайды. Бұл – бұрынғының әдісі. Қазір алдымен жас ерекшелігін шектеу қоймай, әр деңгейдегі буынның, әсіресе жастардың талантына баса мән беру керек. Мәселен, Димаш Құдайберген – креатив индустрияның жарқын өкілі. Оның бағдарламашы, не инженер болуы шарт емес. Бір сөзбен айтқанда, жастарды жаңа қырын ашуға, жетістікке жеткізетін бағытты айқындауға талпындырған жөн. Әйгілі Стив Джобс математик емес, маркетолог еді. Ол өзінің жанына мықты адамдарды топтастыра алды. Сол себепті жаңашылдыққа ұмтылатын жастардың жарқырай көрінуіне жол ашылғанын қалаймын», дейді ол.
Атырау облысы