Жылдағы дәстүрге сай Алматы қаласының орталығында Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен кеңейтілген жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шараны қала тұрғындары асыға күтері анық. Себебі өңірдің әр түкпірінен келген өнімдер делдалсыз тұтынушыларға тікелей саудаланудың нәтижесінде баға базардан анағұрлым арзанға түседі. Осы бір тиімді сәтті пайдаланып, қыстың қамын жасап қалуға тырысқан қала тұрғындарының жәрмеңке алаңына бет алған қарасы қалыңдап, күн көтеріле келе сауданың көрігін қыздырды.
«Алматы облысында дәстүрлі түрде дәнді дақылдар және алма, алмұрт, жүзім, көкөністердің барлық түрі өсіріліп, мал мен құс шаруашылығы қарқынды дамыған. Биылғы жылы республикада сары өрік өсіру бойынша 1-орынды, картоп пен күріш өсіру бойынша 2-орынды алып отыр.
Сондай-ақ өңіріміз құс өсіру мен құс етін өңдеу бойынша алдыңғы орында. Облыста 8,3 млн бас құс тіркелген, яғни республика бойынша жалпы құс санының 17 пайызын құрайды. Жыл басынан бері 141,4 мың тонна барлық түрдегі ет өндірілді. Оның ішінде 62,1 мың тоннасы бройлердің құс еті. Облыс құс етіне деген Алматы қаласы тұрғындарының сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр», дейді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Өңірдің алыс-жақын Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Іле аудандарымен қатар, Қонаев қаласының ауылшаруашылық тауар өндірушілері бұл күні жәрмеңкеге жалпы көлемі 179,3 тонна өнім алып келді. Оның ішінде 20,3 тонна ет өнімдері, 6 тонна сүт өнімдері, 20,6 тонна картоп, 25,4 тонна көкөніс, 22 тонна алма мен жеміс-жидек және 45,2 тонна басқа да өнімдер саудаланды.
«Мұндай ірі жәрмеңкеге алғаш рет өз өнімімді алып келдім. Табиғи балдың үш түрі саудаланады. Дәмін татқан тұтынушылар дән риза кейіппен сатып алып жатыр. Өнімдерімізді өткізуде жәрмеңкенің пайдасы тиюде», дейді Кеген ауданынан келген жас омарташы Игілік Әбдірәсіл.
Ал жексенбі күні Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент саябағында «Apple Fest» фестивалі өтті. Өңірде 11 мың гектарға жуық алма бағы бар болса, оның ішінде әйгілі апорт 1 259 гектарды құрайды.
Аталған алма фестиваліне Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының шамамен 25 бау-бақша серіктестіктері қатысты. Жәрмеңкеде алманың жоғары сұрыпты 13 түрі ұсынылды.
Алматы облысы