Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында белгілі журналист, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға қаламгерді жақын білетін зиялы қауым өкілдері, замандастары, жерлестері қатысты.
Оқырманға жол тартқан жаңа кітапта парасатты публицистің өмірінің соңғы жылдарында мерзімді баспасөзде қазақ және орыс тілінде жарық көрген мақалалары, сұхбаттары, ой-толғамдары, пікірлері топтастырылған. Әсіресе тәуелсіздігіміздің үшінші он жылдығында орын алған саяси-рухани мәселелер туралы жазбалар көтерген жүгінің ауқымдылығымен, терең сараптамалығымен, бастысы оқырманды оқуға жетелеп отыратын көркем тілімен баурап әкетеді. Сондай-ақ автор адам бойындағы ізгілік, игілік, адалдық, ар тазалығы, имандылық сияқты құндылықтарды қоғаммен байланыстырып, салмақты ой толғайды.
Мазмұнды іс-шарада алдымен сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева 2000-жылдары Кенжеболат Жолдыбаймен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бірге қызмет атқарған жылдары жақын таныс болып, ол кісінің адалдықты ар тұтқан әділ азамат болғанын айтты.
Одан кейін Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай белгілі қаламгердің аталған клубты басқарған жылдардағы еңбегіне айрықша тоқталды.
– Кенжеболат ағамен Бас редакторлар клубының жұмысы барысында танысып, 2013-2014 жылдары ол кісімен белсенді жұмыс істедім. Кез келген қоғамның дамуына азаматтық қоғамның дамуы ерекше әсер етеді. Еліміздегі азаматтық институттың қалыптасуына ағамыздың да қосқан үлесі зор. Бас редакторлар клубын басқарған жылдары осы бағыттағы бірқатар игілікті шараларға бастамашы болды. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер енгізуге байланысты өткір пікір айтып, батыл ойларын жазды. Сонымен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерді клуб атынан болсын, өз атынан болсын тереңнен қозғап, оны қазақ оқырмандарына ғана емес, орыс аудиториясына да жеткізді, деді сенатор.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев замандасы К.Жолдыбайдың оның Ұлытау өңірінің ғана емес, барша ел мақтаныш тұтатын азамат дәрежесіне көтерілгенін сөз етті. «Қаламгердің жаңа кітабын алып, оқып шықтым. Мұнда ол өткен заман мен бүгінгі уақытты сөз етіп қана қоймай болашақта қандай боламыз деген сауалдарға да жауап беруге тырысқан. Тұлғалар туралы айтқан ой-толғамдары да ерекше. Халқымызда «Артында баласы қалса көзі қалды де, сөзі қалса, өзі қалды де», деген ғибратты сөз бар. Осы тәмсілді ойға алсақ, Кенжеболат та дәл бүгін ортамызда отырғандай әсер береді», деді ол.
Ал академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің директоры Дихан Қамзабекұлы:
– Бүгінгі іс-шара өтіп отырған Ақселеу Сейдімбек залымен қатарлас Мұхамеджан Қаратаевтың, Рәбиға Сыздықованың, Тұрсынбек Кәкішевтің, Серік Қирабаевтың және тағы басқа да тұлғалардың еңбектері – Еуразия университеті кітапханасының ұстындары секілді. Сол қатарда марқұм Кенжеболат Жолдыбайдың да бұған дейінгі жинақтары мен бүгінгі тұсауы кесілген кітабы да оқырманға жеткелі отыр. Ол кісі «жақсы адам» деген мазмұнды еңбекпен жасады. Технар адамның гуманитарлық саланың жүгін арқалауы оңай емес. Оның бойындағы зиялылық – қасиетті Ұлытау мен ата-бабасының қанынан дарыған деп ойлаймын. Алаш ардақтылары бірі – инженер, бірі – дәрігер болса да ұлт қамы үшін жан аянбай қызмет істеп, ел руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл кісі де сол Алаш зиялыларына ұқсап, өз мазмұнына сай еңбек етті, – деді.
Тағылымды шара барысында қаламгердің жаңа кітабының тұсауы кесілді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының арнайы жіберген құттықтауын Бас редакторлар клубының мүшесі Қанат Әуесбай оқып берді. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп бейнебайланыс арқылы шығып, естелік айтты. Сондай-ақ белгілі ғалымдар Серік Негимов, Қайрат Сақ, қайраткер Серік Тілеубаев, қаламгерлер Жолтай Әлмашұлы, Әкім Ысқақ, дін қайраткері Яхья Исмайлов аяулы азаматтың адами болмысын еске алып, еңбектері туралы парасатты ой өрбітті.