• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Қыркүйек, 2023

АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиясы

260 рет
көрсетілді

«Wall Street Journal» басылымында АҚШ президенті Джо Байден мен Орталық Азия басшыларының кездесуіне қатысты мақала шықты. Ақпарат құралында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының саммиті аясында Ақ үй басшысы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан президенттерімен келіссөз жүргізетіні айтылған.

«АҚШ Орталық Азияға қа­тыс­ты стратегиясын дамыту қа­жет» деп аталатын бағанда автор «С5+1» форматы маңызға ие еке­нін, өңірдегі тағдыршешті кездесуге айналуы мүмкін екенін жазады.

«Америка Құрама Штат­та­рына Еуразия құрлығының қақ ортасына стратегиялық көз­қарас қажет. Аймақта Ақ үй­дің ықпалы тарихи тұрғыда Ресей мен Қытайға қарағанда әлдеқайда төмен. Мәскеу де, Бейжің де қиындықтарға тап келгенде Вашингтон Орталық Азиямен ынтымақтастықты берік орната алады. Ең бастысы – өңірдегі көшбасшы Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық болмақ», деп жазады автор.

Мақалада 2021 жылы Байден әкімшілігі 2021 жылғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі уақытша стратегиялық нұсқаулығында Ор­талық Азияны тілге тиек етпе­гені келтірілген. Ал кейінгі кезде Вашингтон тарапының өңірге назар аударуы – ілгерілеудің нақты айғағы.

«Орталық Азия елдерінің көшбасшылары Мәскеу мен Бейжіңге тұрақты түрде барады. Бірақ Ресейдің алапат соғыс­тан әлсіреуі мен Қытайдың эко­но­микалық құлдырауы Ва­шинг­­тонға Орталық Азиямен ты­ғыз қарым-қатынас орнатуға, көптен оқшауланған аймақты Батыс­пен және халықаралық қауым­дас­тықпен интеграциялауға мүм­кін­дік береді», делінген мақалада.

Сондай-ақ мақалада Қазақс­танның ядролық қаруды тарат­пау, терроризмге қарсы іс-қи­мыл, қақтығыстарды реттеу және халықаралық даму секілді мәселелерге басымдық бе­ре­тіні, осылайша халықаралық ойын­шы ретінде танылып келе жат­қаны атап өтілген. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы сая­сат доктринасын қабылдады. Осындай қадам арқылы шар­тарап­­­тың ірі жаһандық ойыншылармен, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынасты дамытуға ұм­ты­лады.

«Ресей мен Қытайға жақын орналасқандықтан, Қазақстан Вашингтонға Украинадағы дағда­рысты шешуге және соғыстан кейінгі кезеңде Мәскеумен қарым-қаты­насты жақсартуға, сондай-ақ Бейжіңмен бәсекелестіктің күшеюіне төтеп беруге көмектесе алады», дейді мақала авторы.

Бұдан кейін Астананың ара­ғайын­дық рөлін атқаруы үшін Вашинг­тонның көрсететін кө­ме­­гі келтірілген. Біріншіден, Вашинг­тон Астананың супер­президенттік басқару түрінен күшті парламенті, жаңа саяси партияларға ашық және БАҚ еркіндігі кеңейтілген прези­дент­тік республикаға көшу кезіндегі саяси реформаларына қолдау көрсете алады. Қазақстанның де­мо­­кратиялық жолы Орталық Азия­ның қалған төрт мемлекеті үшін аймақты Мәскеу, Бейжің және Кабулдың ықпалынан оқшау­лаудың үлгісіне айналмақ.

Екіншіден, Қазақстан «Ор­та­­лық дәліз» деп аталатын Транс­кас­пий халықаралық тран­зит­тік дәлізі арқылы аймақ пен жа­һан­дық экономика арасын­дағы байланыстырушы рөлін атқа­рады.

«Бұл көпарналы көлік артериясы Шығыс пен Батысты құбырлар, темір жолдар, автомобиль жолдары және талшықты-оптикалық кабельдер арқылы байланыстырады. Дәліз Орталық Азияның экономикалық дамуына және халықаралық энергетикалық және басқа да сауда ағындарына үлес қосады. АҚШ инвестициялар, сау­­да, технология және жаһандық көмегі арқылы дәлізді сәтті жүзеге асыруға ықпал етуге күші жетеді. Жалпы алғанда, Америка Қытай мен Ресейден алда болу стратегия­сын ұстана отырып, Орталық Азияға тактикалық көзқарасын жетілдіруі керек», дейді автор.

Естеріңізге сала кетейік, ма­қа­ла авторы Камран Бухари «New Lines» стратегия және сая­сат институтының Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлі­мі­нің аға директоры қызметін атқарады. Сондай-ақ ол – Оттава университетінің кәсіби даму инс­ти­тутының ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі маманы.