Синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, алдағы тәуліктерде республиканың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында тұрақсыз ауа райы сақталады. Республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жаңбыр мен қар жауады деп болжанып отыр.
«21 қыркүйекте оңтүстікте, 21 және 23 қыркүйекте шығыста, 21-22 қыркүйекте республиканың оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жауын-шашын күтіледі. Тек батыста және солтүстік-батыста жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Еліміздің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында топырақ бетінде үсік жүреді», делінген хабарламада.
Болжам бойынша, республиканың батыс облыстарында ауа температурасы күндіз +24+30°С, республиканың солтүстік-батысында +15+27°С дейін көтеріледі, республиканың солтүстігінде +10+16°С дейін, орталықта +10+23°С, шығыста +10+15°С дейін, оңтүстікте +20+28°С, оңтүстік-шығыста +12+22°С, таулы аймақтарда +2+10°С дейін төмендейді.