Керекудің онсыз да тар көшелерінде темір тұлпарымен атырынып, жаяу жүргіншілерге жол бермейтін бейбастақ жүргізушілерді тәртіпке шақырудың жолы табылғандай. Алдағы жылдары Ертіс-Баян өңірінде 390 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 6,5 мың бақылау камерасын орнату көзделіп отыр.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Ертіс-Баян өңірі жол-көлік оқиғаларын тіркеу құрылғыларымен жабдықталу жөнінен республикада ең төменгі орындардан көрініп отыр. Өзге облыстарға, таяудағы Семей мен Астанаға жол жүретіндер көп жағдайда «Сергектің» қырағы көзіне ілігіп, қомақты айыппұл арқалап қайтатыны бар. Мұндай заманауи бақылау құралдары өңір ішіндегі қалалар мен аудандарда, жол бойларында болмаған соң, бұл жақтың жүргізушілері өздерін еркіндеу сезінетіні де рас. Сырттан көлік айдап келетіндер Павлодарды «жұмақ қала» деп атайтыны да содан. Алайда таяқтың екінші ұшы бар демекші, автоматты тіркеу құрылғыларының жоқтығын пайдаланып, көшеде жол ережесін бұзатындар азаймай тұр. Мысал үшін Павлодар қаласындағы мыңға тарта көше қиылысының 12-сіне барлық жол апаттарының үштен бірі тиесілі. Бұл – ресми расталған ақпарат. Әлгіндей аппараттық бақылау орнатылмаған жерлерді кейде «Кибер-шериф» сияқты мобильді кешендер анда-санда сүзіп өтеді. Бірақ небәрі 2 кешен шаһардың барлық аумағын қадағалап, жол ережелерін бұзғандарды автоматты тіркеп отыруға үлгермейді. Оның үстіне бұл кешендер республикалық жолдарға шығып, автокөлік ағынын бақылайды. Әр «Кибер-шериф» арқылы күніне жергілікті бюджетке 1 млн теңгеге жуық айыппұл төлемдері түседі екен. Қаладағы такси жүргізушілері мен қалааралық бағытта жолаушылар тасымалдайтындар (негізі ережені көбіне солар бұзады) жылжымалы компьютерлік тосқауылдан айналып өтудің айла-шарғыларын да ойлап тапқан. Олар арнайы ватсап чаттарда «шерифтердің» қай бағыт, аумақта жүргенін бір-біріне алдын ала хабарлап отыруға машықтанып алған. Ал қаладағы кейбір көше қалтарыстарында тұрған бейнекамералар тек бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткенде немесе жылдамдық шегінен асырғанда ғана әрекет етеді. Көптеген көше қиылысы камерамен мүлде қамтылмаған. Абайсызда көліктер соқтығысып немесе адам қағып кетсе, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін дәлелдеудің өзі машақат.
Жергілікті жол полицейлері бұл мәселені айтудай-ақ айтып келеді. Өкінішке қарай, қазынадан бөлініп жатқан қомақты қаражат жоқ. Былтыр көшелердегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында еуропалық стандартқа жақын жобалар жүзеге асады деп көзделген. Соның бірі – Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы ұсынған «Vision Zero Pavlodar» тұжырымы. Бұл жоба оған дейін Алматы шаһарында жүзеге асып, оңтүстік астананың жолдарындағы жол-көлік апаттарын барынша кемітіп, апаттан қайтыс болғандардың саны да азайғаны байқалған. Мектептер алдындағы көшелердің көлік ағынын азайту, жаяу жүргіншілер жолын биіктетіп салу, жарықтандыруды күшейту бағыттары бұл жобаны талқылаушылардың көңілінен шыққандай еді. Облыс билігі бұл тұжырымды құптағандай болғанымен, артынша ол сөз жүзінде ғана қалды.
Көшелер мен автожолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жуықта облыстық ахуалдық орталықта кезекті рет қозғалды. Өңірдің бас полицейі Василий Скляр атап өткендей, аймақтағы жол-көлік оқиғаларына негізінен көлік иелерінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы себеп болады. Апаттардың 20 пайызында адам өлімі тіркеліп отыр. «Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін құралдармен жабдықталу деңгейі біздің облыста өте төмен, 20 өңірдің арасында 19-орында тұрмыз. Жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тіркеудің автоматтандырылған жүйелерін енгізу қажет деп есептейміз. Бұл полиция департаментіне қарасты жедел әрекет ету орталығының мүмкіндіктерін кеңейте түсер еді», дейді ол.
Белгілі болғандай, алдағы жылдары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен автожолдарда 390 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 6,5 мыңнан астам бақылау камерасын орнату жоспарланған. Камералардың дені халық көп жүретін көшелерде, көше қиылыстарына қойылмақ. Жергілікті фирмалар бұл іске үлес қосуға ынталы. Дей тұрғанмен мамандар бейнебақылау жүйесінің негізгі міндеті жүргізушілерді айыппұл салып жазалау емес, тұрғындардың қауіпсіздігін шынайы түрде қауіпсіз ете түсу, жол-көлік оқиғалары мен қылмыстың санын азайту екенін еске салды.
Павлодар облысы