Мәжілісте “Заң жобаларын сараптамадан өткізу сапасын жетілдіру” деген тақырыпта халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Оны “Нұр Отан” ХДП жанындағы Құқықтық кеңес және Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ұйымдастырды. Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Александр Кельчевский беташар сөз сөйледі.
Жиылысқа Мәжіліс депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Құқықтық кеңес төрағасы Нұрлан Әбдіров модераторлық жасады. Әділет министрінің орынбасары, Құқықтық кеңес мүшесі Дулат Құсдәулетов, “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтының директоры Болат Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, т.б. пікірталасқа қатысып, ой бөлісті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – заң жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, криминологиялық және басқа түрлердегі сараптамадан өткізу сапасы бойынша мәселелерді талқылау болды.
Оның жұмысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкімет, министрліктер мен ведомстволардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.