Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлымен кездесті. Тараптар ақпарат саласындағы байланысты одан әрі нығайтуға уағдаласты.
Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына арнайы келген мәртебелі мейман Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстың тарихы тереңде жатқанын айтты. Әрі қазір сол байланыстың әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанымызға қынжылыс білдірді.
«Отыз жыл ішіндегі дипломатиялық байланыстар барысында біздің елдер арасында ешқандай түйткілді мәселелер болған емес. Оның үстіне екі мемлекет Каспий теңізі арқылы шекараласып жатыр. Мәдениетімізде де ортақ дүниелер көп. Сондықтан Иран мен Қазақстан арасындағы байланысты барынша жақсартуға бейілдіміз. Достығымыз бен бауырластығымыз тереңге бойласа да, қазір сол әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырғанымыз өкінішті. Мәселен, ирандықтар басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанға өте сирек келеді. Сол секілді Қазақстан тұрғындары да біздің елге аз қатынайды. Айталық, алыс-берісіміз бен барыс-келісіміз аса мықты болмаса да, алыстағы Мажарстанда 2 мыңнан астам ирандық студент білім алады. Ал іргемізде тұрған Қазақстанда оқып жатқан ирандық студенттер 20 шақты ғана. Сондықтан елдерімізді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап, өзара байланысты нығайтуға күш салсақ дейміз. Бұл жерде басылымдардың рөлі өте зор», деді Әли Акбар Джоукар.
Өз кезегінде Дихан Қамзабекұлы «Қазақ газеттерінің» бүгінгі жай-күйімен таныстырып, тарихы тамырлас қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан мен Иран арасындағы байланыстың қазіргіден де жақсара, жандана түскенін құптаймыз. Күні кеше ғана АҚШ-та біздің елдердің басшылары кездесті. Мұны жақсылыққа балап отырмыз. Оның үстіне еліміздегі бас газеттің редакциясына арнайы келіп, осы кездесуге өзіңіздің бастамашы болғаныңызға ризамыз. Жалпы, біздің серіктестікке қарасты басылымдарда Шығыс өркениетіне, оның ішінде Иран мәдениетіне қатысты тұщымды мақалалар жиі жарияланып тұрады. Алдағы уақытта да осы бағытта сериялық мақалалар ұсынуды жоспарлап отырмыз. Игі бастамаға сіздер де атсалыссаңыздар деген тілегіміз бар. Өйткені оқырман қауым қазіргі жаңарған Иранның жағдайымен жақын танысқысы келеді. Сол секілді сіздер арқылы біз де өз елімізді ирандықтарға насихаттасақ деген тілегіміз бар. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтар арасындағы сенімді күшейтеді», деді Дихан Қамзабекұлы.
Жылы рәуіште өрбіген кездесу барысында тараптар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы байланысты одан әрі нығайту туралы келісімге келді.