• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Бизнес 21 Қыркүйек, 2023

«Пандемиядан соң сұраныс артқан». Жылына 1-2 млрд теңге табыс табуға болатын кәсіп

357 рет
көрсетілді

Бұл ерекше кәсіптің түрі - қамыс саудасы. Келесі әңгімеміз Қазалы қамысын шетелге саудалаған ерлі-зайыпты Венера Тайлақ­бае­ва және Райысбек Аяп­бер­генов туралы болмақшы.

Өзіміз өртеп тастайтын қамыс өзге елде қадірлі деп кім ойлаған? Қамыстың қадірін біліп отырған Қытай елі қазіргі таңда осы қамыспен талай елді қамтамасыз етіп, содан қыруар пайда тауып отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Ке­шегі пандемияда сыртпен байланыс тоқтап, күллі Еуропа тоқ­таусыз жетіп тұрған қытай қа­мысын таппай, жан-жаққа сұрау сала бастапты. Осы сәтте Қаза­лы қамысы әлем нарығына шыға келді.

Қазалы қамысын шетелге шығарған Венера Тайлақ­бае­ваға ең әуелі ағылшын тілін жетік білетіні пайдасын тигізіпті. 

«Интернетті шарлап отырып осындай бір ерекше сұранысқа көзім түсті. Сосын тауардың әр елдегі бағасына талдау жасадық. Осы­лайша, алғашқы өнімді Гер­ма­нияға сараптамаға жібердік. Немістерде сынақтан өтпеген тауар утилизацияға жіберіледі екен. Қамыс тасыған көлікті жалдау мен жарамаған жағдайда қамысты жоюды қос­қан­дағы шығынымыз 5 млн тең­генің үстіне шықты. Нар тәуекелмен бастаған тірлігіміз оңға басып, немістер біздің қ­а­мыстың сапасы өте жоғары екенін хабарлағанда арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Осы­дан кейін Германиямен қа­­тар, Нидерланд, Дания, Франция, Польша, Беларусь мемлекеттеріне өнім жөнелте бас­тадық», дейді Венера.

Тағы айта кететін жайт Қазалының қамысы көп елде үй шатырын жабуға жұмсалады екен. Қалауын тапса, одан биоотын өндіруге де болады. Шағын ауылға жылу мен жарық беретін қазандық жасаудың да жолы бар екен.

Қамысты кәдеге жаратып жат­қандар қатарына Түркия, Румыния, Ресей мен Украина бар. Соңғы екеуінде қазіргі жағ­дайға байланысты өндіріс уақыт­ша тоқтап тұр. Ал Сыр қамысы саудаға шыққалы бері басқа мем­лекеттердің өнімдеріне сұра­ныс азайыпты.

«Азия қамыс» серіктестігін құрып, өңірде жоқ тың кәсіпті бас­таған кейіпкеріміздің арқа­сүйері азаматы – Райысбек Аяп­бер­генов. Ерлі-зайыпты екеу бұрын теміржол саласында еңбек еткен. Бар техниканың тілін білетін Венераның көксегені тепловоз машинистігі еді. Жүк кассирі болып 14 жыл жұмыс істеген келіншектің кәсібі бір күнде өзгеріп шыға келді. Қазір Райысбек қамыс шабу, жинау секілді шаруамен айналысса, Венера шетелдіктермен байланыс орнатып, өнімді жет­кізу жағын қолға алған. Ты­ным­сыз ізденістің арқасында облыстағы Жалағаш ауданы мен Балқаш, Астана мен Атырау өңірлерінен серіктестер тапты.

Венера осы кәсіптен жылына 1-2 млрд теңге табыс табуға болатынын айтады. Бірақ ол үшін жер керек. Серіктестік орналасқан Кәукей ауылының аума­ғынан жер алып, кәсібін ке­ңейт­кісі келеді. Қызылдың құ­мына қарай Қуаңдария арқылы күріштің қашыртқы суы жиналатын аумақтан жер сұрап, бизнес-жоспарын да ұсынып қойды. Алдағы жоспарында қамыстан көмір шығару бар. Шатырдан бөлек, қамыстан неміс технологиясымен жиһаз жасайтын материал шығарғысы келеді.