«Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатқаны көпке мәлім. Бұған қатысты түйткілді мәселелер де болды. «Мектептер уақтылы салынып біте ме, шынымен жайлы мектеп бола ма» деп отырған ата-ана көп. Жобаға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының басшысы Мәулен Айманбетов алаңдаушылардың ескертулері мен ұсыныстарын ескереміз деп отыр.
Тамыз кеңесінде баяндама жасаған М.Айманбетов «Жайлы мектепке» қатысты барлық сын-пікірге, ұсыныстарға ашықпын деген болатын. «Samruk-Kazyna Construction» көп ұзамай жайлы мектептердің сәулет және дизайнерлік шешімдерінің жалпыхалықтық талқылауын жариялады. «Біздің мақсатымыз – ұлттық жобаны жүзеге асыру барысын барынша ашық ету. Сондықтан мектептердің жобасын бүкіл халық болып талқылауды жөн көрдік. Алғашқылардың бірі болып мұндай бастаманы іске асырып жатырмыз. Оқу ошақтары сапалы білім беріп қана қоймай, оқушылардың қарым-қабілеттерін дамытып, белсенділігін арттырып, болашақ мамандығын таңдауға жол ашады. Ең бастысы, жайлы мектептер балаларды, жастар мен ересектерді өзіне тартатын орталыққа айналуға тиіс», деген Мәулен Айманбетов жанашыр азаматтарды сауалдамаға белсене қатысуға шақырды.
«Samruk-Kazyna Construction» компаниясының мәліметінше, 17 қыркүйекке дейін жалғасқан сауалдамаға 6 132 адам қатысқан. Соның ішінде 24 пен 34 (30 пайыз), 35-44 (50 пайыз) жас аралығындағы азаматтар белсенділік танытқан. Ал қатысушылардың 88 пайызы жайлы мектептің сәулет құрылысына, ішкі көрнекілігіне көңілі толатынын жазған. Сондай-ақ ұсыныстарын да жолдаған.
– Ұлттық жобаны іске асыруда әрбір азаматтың ой-пікірі өте маңызды. Еліміздегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған ортақ жұмысымызға тұрғындар тарапынан мықты қолдау көрсетіліп отыр. Оған қоса орынды ұсыныс-тілектер де келіп түсті, бәрін мұқият зерделеп, жобаға толықтыру енгізуге кірістік, – деді М.Айманбетов.
Сауалдамаға қатысушылар оқушылардың сабақтан тыс уақытының жақсы өтуін қамтамасыз ететін коворкингтердің болуына баса назар аударған. Сондай-ақ оқушының жеке заттарын қоятын орындардың кең болуын атап өткен және мектепке келгенде ұзын-сонар кезек болмауы үшін, балалардың бір-бірімен сығылысып қалмауы үшін бастауыш пен орта буын оқушыларына жеке кіреберіс істеуді сұраған. Экологиялық талаптардың да есте болуын ескерткен. Сонымен қатар ата-аналар мектепте балалардың денсаулығы мен тәрбиесіне де көңіл бөлінуі керек деп есептейді. Сондықтан әртүрлі үйірмеге арналған орындар болуы керек деген ұсыныс білдіріп, жаратылыстану бағытындағы пәндердің зертханалық сыныптарының да жеке болуы керегін ескерткен. Мәулен Айманбетовтің айтуынша, мұндай ерекшелік жайлы мектептерде қарастырылған. Бұдан бөлек, балаларды мектепке әкелгенде, кептелістің алдын алу үшін көлік тоқтайтын арнайы орындар жасалады.
Бір қуантарлығы, жайлы мектептер қалада да, ауылда да тең дәрежеде салынады. Олардың сапасы мен ішкі жабдықталуында ешқандай айырмашылық болмайды. Бұл – білім деңгейіндегі алшақтықты азайтуға септігін тигізетін бірден-бір фактор.