• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 21 Қыркүйек, 2023

Үш ұрпақтың еңбек шежіресі

220 рет
көрсетілді

Атадан балаға мирас болып сәтімен сабақталатын еңбек дәстүрінің берік орнығуы қандай ғажап? Отбасында көрген өнеге, алған сабақ ақ адал еңбек жолына түсіріп, бірінен-бірі оза шауып, тынбай еңбек етуінің арқасында қоғам байлығын еселеуге молынан үлес қосып жатқан Гончарик-Ереминдердің еңбек өтілі – 154 жыл.

Жалпақ жұртқа жақсы қы­ры­нан өнеге етуге әбден лайықты ең­бек шежіресінің әліп­песі сонау 1968 жылдан бастау алады екен. Ол тұста құрқылтайдың ұя­с­ын­­дай жып-жылы, шағын ғана Степ­но­гор қаласының енді ғана ты­ны­­сын кеңейтіп, өркен жа­йып келе жатқан уақыты. Валерий Иванович пен Лидия Михайловна Гон­чариктердің жас отбасы өзде­рі­нің бақытын іздеп жаңа қалаға келген. Бірден Целинный тау-химия комбинатына жұмысқа орналасты. Өз істерін беріліп іс­тей­тін, тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқаратын жас­­­тардың тыңғылықты ісі на­зар­ға ілінбей қалған жоқ. Алдынан жұ­­мыс үркіп отыратын олар­дың ең­­бегі сол тұста лайықты баға­лан­ды.

– Менің нағашы атам Валерий Михайлович Еремин де елге еңбегімен танылған, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын адам еді. Атам жағынан да, анам жағынан да тұтас әулетіміз осы ком­бинатта жұмыс істеді. Біз­дің әулеттің еңбекпен келген бе­ре­­кесіне комбинаттағылар қы­зыға қарайтын. Еңбек әр уа­қыт­та бағаланады емес пе? Ком­би­нат­та ұйымдастырылатын еңбек жарыстарында үнемі жоғары көрсеткіштерімен танылғандықтан 1974 жылы «Құрмет белгісі» орде­ніне ие болды, – дейді Евгений Олегович.

Әріптестері өздерімен иық тірестіре жұмыс істейтін Валерий Михайлович кеудесіне таққан марапаттарын өздері алғандай қуанған. Әбден лайық дескен олар. Еңбегі әбден сіңіп жүр ғой. Өзгелер жиналыс сайын мақ­талатын, мереке сайын еңбегі аталып өтетін Валерий Ереминнің тау қопарып, тас жаратын қажыр-қайратына сүйсініп, өздері де дәл солай еңбек етіп иық тірестіріп жүруді мақсат тұтатыны бар еді. 1981 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін, 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалін алғанда да еңбекқор жанның жан дүниесін, жұмысқа деген құштарлығын, мол жауапкершілігін етене жақын танып-білген көзтаныстар марапат иесімен бірге қуанған. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай құрметке ие болу да оңай-оспақ шаруа емес.

Томск политехникалық инс­титутының 1974 жылғы түлегі Валерий Николаевич Еремин жолдама бойынша Целинный тау-химия комбинатында еңбек жолын бастағаннан кейін табан аудар­мастан 42 жыл бойы жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты. Еңбек шежіресі кейінгі жастарға өміршең өнеге болып қалды. Әдемі еңбек дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, еңбексүйгіш, тындырымды жанның қол жеткізген табысы, ұжымның ұйытқысына айналған берекелі іс-әрекеті әдемі аңыз тәрізді әлі күнге дейін айтылады. Валерий Николаевичтің қызы мен Валерий Ивановичтің ұлы шаңырақ көтерген. Осы бір жас отаудың керегесін кеңей­тіп, іргесін бекіткенде арыдан жылға тартқан еңбек лебі. Екеуі де еңбекқор отбасында өсіп, ата-аналарының адал жұмыс істеуінің арқасында қаншалықты құр­метке бөленгендіктерін жү­рек­терімен сезіп өсті. Өздері де соларға ұқсауға, бой түзеуге ты­рыс­ты. Әлде бұл ана сүтімен көкі­ректеріне дарыған қасиет пе екен. Жас шаңырақтардың өз перзенттері де өсіп жетілген. Қа­зір қыздары Наталья осы кәсіп­орында сапаны бақылау қыз­ме­­тінің бақылаушысы. Олег Валерьевич экстракция цехында жұ­мыс істейді.

Бар ғұмырын адал еңбекпен баянды еткен әулеттің жаңа ше­жіресі жазылып жатыр. Үшінші ұр­пақтың көгеріп-көктеуі, өркен жаюы. «Ата көрген оқ жонар» дегендей, атасынан, әкесінен үлгі алған Евгений Олегович Гончарик 2017 жылдан бері «СГХК» серіктестігінде гидрометаллург болып жұмыс істейді. Өндірістен қол үзбей Омбы қа­ла­сындағы мемлекеттік поли­техникалық институтты оқып бі­тірді. 2021 жылы өндіріс шебе­рі болып тағайындалды.

– Біздің әулеттің бәрі еңбектен бақытын тапқан жандар, – дейді Евгений Олегович. Бүгінгі жас­тар техника тілін білгені жөн. Елі­міздің болашағы техникалық мамандарда екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтады. Сондықтан жер-жердегі кәсіби білім беру мекемелеріндегі сапаны арттыру керек. Өндіріс орындары көп шоғырланған Степногор қаласында бос тұрған жұмыс орны көп. Мен кейде қарекетсіз қарап жүргендерді көргенде замандастарыма техни­калық білім алсаңдар, жерде қалмайсыңдар әрі Отанымызға да пайдаларың тиеді, деп айтып жүремін.

Еңбекпен көгерген әулеттің еңбек шежіресі – шынында да мазмұнды әрі бай. Оған мазмұн үстеп тұрған кейіпкеріміздің бо­йын­дағы еңбекке деген ұм­тылыс.

 

Степногор қаласы