• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қыркүйек, 2023

Еріктілердің елеулі істері

209 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында жастардың жасампаз күш-қуатын қоғам игілігі үшін тиімді пайдаланатын волонтерлік қозғалыс жақсы қарқынмен алға басып келеді.

Өңірдегі «Birgemiз» волон­тер­лік фронт-кеңсесінің басшысы Анастасия Волкованың мәлім­де­уінше, аймақтағы 14 ресурс орта­лығында волонтерлер клубы ашыл­ған. Облыстық Жастар ісі жөнін­дегі басқарма құрамына волонтер жас­тардың өкілдері де мүше. «Барлық аудан мен ауылды қоса есептегенде волонтерлік қозғалысқа 30 мыңдай жас қатысады. Олар қозғалыстың «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» сияқты жеті түрлі бастамасынан басқа әлеуметтік, медиа, өнер, жануарлар, медицина­лық волонтерлік және т.б. бағыттары бойынша жұмыс істейді», дейді Анастасия Волкова.

Қызылжар өңірінің волонтер­лері, әсіресе «Qamqor» бағытын­да ауқымды жұмыс атқарып келеді. Жалғызбасты немесе мүмкіндігі шек­­теулі қариялардың ауласын тазарту, бітеліп қалған су жыраларын тазарту, күзде картоптарын қазып беру – міне, еріктілердің ең басты жұмыстары осылар. Соны­мен қатар қарттарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп беру, отынын дайындау, көмірін кіргізіп беру, суын әкелу, зейнетақысын әкеліп, коммуналдық төлемдерін төлеп беру секілді жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Осындай игі істер кезінде еріктілер қариялармен әңгімелесіп, бір сәт көңіл-күйін аулап қайтады.

«Taza Álem» бағыты бойынша экологиялық марафон өткізіліп, Айыртау ауданында «Біз біргеміз – таза Қазақстан», Қызылжар ауданында «Таза жағалау», М.Жұмабаев ауданында «Таза көлдер» атты акциялар ұйымдастырылды. Пет­ро­павл қаласындағы Пестрое көлі­нің жағасын, Шал ақын ауда­нында орталық саябақты тазалау акция­лары да ойын-қызықпен, ынта­лан­дырылған жарыспен өткізілді. Осын­дай игі істерге 1 300 адам қаты­сып, барлығы 125 іс-шара барысында 106 тонна қоқыс шығарылды.

Жарымжан адамдар мен аз қам­тылған отбасыларға арналған түрлі акциялар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. «Мектепке дайындық» акциясы бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 300-ден астам баласына сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, дәптерлер сатып әперілді. Бұл бағытта аудандармен қоса алғанда барлығы 22 іс-шара өткізіліп, көмек беру ісі 800-дей баланы қамтыды.

Сондай-ақ NEET санатындағы жастарға волонтер-заңгерлер мен волонтер-психологтер көмек көрсетеді. Заңгерлер аптасына бір рет тегін кеңес береді. Жыл басынан бергі 8 айда осы санаттағы жастарға 93 заңнамалық консультация беріліп, 30 жеке кеңес және 14 психологиялық тренинг өткізілген. Назарбаев зият­керлік мектебінде кембағал балаларды қолдауға арналған шоу-матч ұйымдастырылып, 1 млн 885 мың теңгенің қайырымдылық қаража­ты жиналды. Қайырымдылық аукционында Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев пен Әлем чемпионы Жанат Жақияновтың қолдары қойылған бокс қолғаптары сатылды. Жыл бойы өткізілген осындай іс-шараның жалпы саны 1 560 шамасында екен.

Волонтерлікке жастарды ынталандыру, қызықтыру мақсатында облыста игі іс-шаралармен айналысатын қыз-жігіттермен қызықты кездесулер де ұдайы ұйымдасты­ры­лып тұрады. Жергілікті БАҚ-та «Жас­тар саясаты», «Жас келсе, іске», «Заманымыздың батырлары», «Қазақстанның таза өзендері», «Елім­ді сүйемін», «Жақсылықты таң­даймын», «Волонтерлер», «Қа­йы­рымдылық», «Біз біргеміз», «Ерік­­­тілер» секілді айдарлармен тұ­­рақты хабарлар беріліп тұра­ды. Еріктілердің ерен істерін әсі­ресе ТРК «Qyzyljar», «МТРК» және «Пер­вый Северный» арналары, «Soltustik Qazaqstan» және «Север­ный Казахстан» ақпарат құрал­дары, әлеуметтік желілерде «Петро­пав­ловск news», «7152.kz» порталдары тұ­рақты жариялап жүр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы