• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 25 Қыркүйек, 2023

Саяжай қызығы – Көкшенің жүзімі

243 рет
көрсетілді

Талпынған мұратына жетеді екен. Жаз бойы жетім тоқтының ұйысқан жабағы жүніндей бұлтының қабағы түксиіп тұратын Көкшеде бабы қатты, кірпияз жүзім өседі десек, сенесіз бе?

Көкшетау қаласының тұрғыны Вениамин Соловьевтің атағы жүзім өсірумен шыққан. Өзге де жеміс-жидекті молынан егеді. Ең бас­ты жетістігі, ыстықты сүйетін, бұл өлкенің ауа райына көндіге қоймайды делінетін жүзім өсіргелі жиырма жыл. Игілікке бөгіп тұрған саяжай иесінің айтуына қарағанда, жүзім қайтпас қайсар жігерліге ғана өссе керек. Қала тұрғындары, оның ішінде саяжайы барлар жүзім өсетін жерді көруге әуес. Вениамин ағайдың айтуына қарағанда, жүзім өсірудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп, ойға алған шаруасын іске асыру үшін қаншама әдебиетті ақтарған. Алыс-жақын жердегі жүзім егіп, жердің жүзін жылытқандармен сырласқан. Сөйтсе, жүзім өсірген жанға мықты шыдам, ерен еңбекқорлық керек екен. Айтса айтқандай-ау, ауылдағы ағайын уылжып тұрған жүзім өсіру былай тұрсын, қара жерге көме салсаң, қаптап шығатын картоп та еге алмай отырған жоқ па?!

Әлденеше рет тәжірибе жасаған, қателік­терін сарапқа салған. Ақыр соңында тау басынан құдық қазғандай қияпат еңбек­пен көздеген мақсатына жеткен. Қазір кеу­десін мақтаныш кернейді. Бір жақсысы, тәжірибесін жасырмай, жайып салуға, ұмтылған жанның қолтығынан демеп, көмектесуге дайын. Алғаш рет нәтижеге қол жеткізгенде төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғандай қуанған. Енді қайтсін, табаны күректей жеті жылғы еңбегінің нәтижесі.

– Солтүстік Қазақстанның ауа райына жүзімнің «Изабелла» деп аталатын түрі қолайлы. Бұл сұрып суыққа шыдамды. Біз­дің өңірдің табиғатына тез көндігетін бұл сұрыпты Америка селекционері Уильям Прикс шығарса керек. Тәтті жүзімнің атауы­н әйелінің құрметіне Изабелла деп ата­ған. Әрине, дәмі жағынан келгенде оңтүс­тіктің жүзімімен тайталаса алмас еді. Бірақ со­ның өзінде де еңбекпен келген ырыс бол­­ғандықтан, дәмі тіл үйіретін болып көрінеді», дейді Вениамин Александрович.

Тәжірибелі саяжай иесінің айтуына қа­рағанда, ең алдымен егетін сұрыпты анықтау керек екен. Қазіргі күні саяжаймен айналысу оңайырақ. Ерте көктемде алма, алмұрт тәрізді жемістердің тұқымы көптеп сатылады. Жүзім сұрпын ұсынатындар да табылады. Әйтсе де мен өзім нәтижесін көзін көрген көршілерден алған жөн деп есептеймін. Өзі де осы ісін бастаған кезде бірнеше бұтақ қана алған екен. Төртеуі ғана тамыр жайған. Сол төрт түп жүзім – бүгінде Көкшетауда осы жемістің атасы атанып отырған Вениамин Александровичтің көрген жанның көзін қызықтыратын бақшасының бастау көзі. Жүзім бағбанының жары Фаина Михайловна – сонау студенттік жылдардан бері тынымсыз еңбекті жанына серік еткен Вениамин Александровичтің көмекшісі. Екеуі де маңдай терлерімен суарылып, жай­қалып өскен жеміс-жидекті, әсіресе гүл­дерді жақсы көреді.

Несі бар, әдемі әрекет жұғысты болып, Көкше тауларының баурайында жайқалып жүзім өсіп тұрса, бір ғанибет емес пе?

 

Көкшетау қаласы