Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны, жерлесіміз Қуанышбек Мұқышевтің жерленген жері табылып, қабірінің бір уыс топырағы туған елге жеткізілді.
Жерлес жауынгер Мәскеу түбіндегі Полашкино селосында қаза тапқан екен. Ленький елді мекеніндегі бауырластар қабірінен топырақ бұйырған. Қан майданда 108-атқыштар дивизиясының 407-атқыштар полкінің құрамында болған. 24 жасында қан майданға аттанған қыршын жауынгердің артында ұрпақ қалмапты. Әйтсе де інісі мен қарындасынан өрбіген ұрпақ аталарының қабірін тауып, бір уыс топырағын туған жерінің төсіне жеткізді.
– Атамыз туралы бір дерек шығып қала ма деп ұзақ жыл іздедік, – дейді марқұмның жиені Ботагөз Нүрпейісова. – «Памяти народа» сайты арқылы таптық. Одан әрі қалай әрекет етерімізді де білмедік. Әйтеуір, жанашыр жандардың арқасында атамыз жерленген жерге барып, қабіріне туған жердің бір уыс топырағын қостық. Ол жақтан да бір уыс топырақ әкелдік. Ендігі ойымыз, майдангердің есімін жаңғыртатын кеш ұйымдастырсақ па дейміз.
Қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің ұжымы 2018 жылы «Көкшетау іздеу» әскери-патриоттық тобын ұйымдастырған екен. Негізгі мақсат – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің дерегін табу. Осы уақытқа дейін ұйым төрт мыңға жуық жауынгер туралы дерек іздеп, оның 300-ден астамының жерленген жерін тапқан.
– Біздің клуб Ақмола облысында тұңғыш рет құрылған. Былайғы жұрт бізді «Естеліктер вахтасы» деп атап кетті. Калуга, Тула төңірегіне барып, Украина, Санкт-Петербург маңайын зерттегенбіз, – дейді іздестіру тобының жетекшісі Еркінбек Абдуллин. – Ерлердің аты өлмей, кейінгі ұрпаққа ерлік істері өнеге болуы керек. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды», деген сөз бар. Бұл – кейінгілердің парызы.
Жерлес жауынгердің топырағы Алтынды ауылында жер қойнауына табысталды. Рәсімге осы төңіректегі ат тұяғы жететін жердің бәрінен көп адам жиналды. Құран бағышталып, ас берілді.
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы