• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экспорт 26 Қыркүйек, 2023

Екіжақты тиімді байланыс

176 рет
көрсетілді

«KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мен «РСК Банк» ААҚ (Қырғыз Республикасы) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсімі қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесі мен Қазақстан мен Қырғызстанның I өңіраралық ынтымақтастық форумының алаңында өтті.

Қос тарап Қазақстан Респуб­ли­касынан Қырғыз Респуб­ли­ка­сына жөнелтілетін өнімдер мен көр­сетілетін қызметтерді экспорттау аясында банк клиенттерін сақ­тан­ды­ратын болады, сондай-ақ сау­далық қаржыландыру саласын­да­ғы бірлескен жобаларды іске асыру туралы ортақ шешімге келді.

Келісім стратегиялық әріптес­тікті дамытуды, бірлескен бағдар­ла­малар мен жобалардан хабар беретін семинарларды, дөңгелек үстелдерді, таныстырылымдарды ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар сыртқы сауда қызметін жү­зеге асыратын ком­панияларды қар­­жыландыру, сақ­тан­дыру және өзге де қолдау көрсету мәселесі қа­растырылған.

«Бұл келісім Қырғызстандағы қазақ­стандық өнімді сатып алушы­лар­ға жеңілдетілген саудалық қар­жы­­лан­дыруға ие болуға мүм­кін­дік бере­ді. Біз екіжақты ынты­мақ­тастық ая­сында жиһаз жеткізу бойынша ал­ғашқы жобаны талқыға салдық. Алдағы уақытта Қырғызстанның басқа банктері де «KazakhExport» бағдарламасына қызығушылық таны­тады деп үміттенеміз», деді «KazakhExport» басқармасы төра­ға­сының орынбасары Қуаныш Мұқажанов.

«РСК Банк» ААҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақылбек Тұрдалиев ынтымақ­тас­тық­тың мүмкіндігі кең екенін мәлім етті: «РСК Банкі – «KazakhExport» компаниясымен байланыс орнатқан Қырғызстанның алғашқы банкі. Бұл ынтымақтастық қазақстандық өнімді Қырғызстанға саудалық қаржыландыру арқылы жеткізуді жоспарлап отырған кәсіпкерлерге, яғни экспорттаушылар мен импорт­таушыларға тамаша мүмкін­дік екені сөзсіз».

«KazakhExport» ЭСК»  АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы. Компанияның негізгі міндеті – түрлі қаржы құралдары арқылы отандық шикізаттық емес экспорттаушыларға қолдау көрсету. 2016 жылдан бастап «KazakhExport» 200-ден аса экспорттаушыға  870 миллиард теңгеден аса сомаға қол­дау көрсетті. Қолдау көрсетілетін кә­сіпорындар экономиканың тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да маңызды салаларында жұмыс істейді. Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзербайжан, Литва, Украина, Беларусь, Ита­лия, Түркия және т.б. елдер бар. Ком­панияның «Экспорттық сауда­лық қаржыландыру» және «Аккре­дитив­тер­ді сақтандыру» қолдау көрсету құралдары шетелдік сатып алушылар тарапынан қазақстандық өнімге сұранысты арттыру үшін енгізілген. Қаржыландыру төлем шарттары бойынша есеп айырысудың аккре­ди­тивтік нысаны қолданыла отырып, Қазақстанның екінші дең­гей­де­гі банктері арқылы жанама түрде ұсы­ны­лады.

Айта кеткен жөн, «KazakhExport» компаниясы 2019 жылы желтоқ­санда Бішкек қаласында шетелдік өкілдің кеңсесін ашқан болатын. Өкілдік өз қызметі аясында кәсіп­кер­лердің тікелей байланыстарын жолға қоюға, қазақстандық кә­сіпорындар мен Қырғыз Респуб­ли­ка­сындағы әлеуетті сатып алушылар арасындағы сауда қатынастарын дамытуға, сондай-ақ екіжақты мәмі­лелер тәуекелдерін барынша азай­туға ықпал етеді.