• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қыркүйек, 2023

Тобылжандағы тиянақты тірлік

144 рет
көрсетілді

Тобылжан ауылында тұз өндірісінің тамырына қайта қан жүгіре бастады. «Қазтұз» ЖШС Кіші Тобылжан көліндегі тұз тиеу жұмыстарын бастап, өндірісті іске қосуды қолға алды. Келешекте мұнда табиғи өнімді қайта өңдейтін цех пайда болуы ықтимал.

Негізі Тобылжандағы тұз өнді­рі­сі біраз жылдан бері тоқтап тұр­ған. Жергілікті Үлкен және Кіші Тобылжан көлдерінде ерте замандардан тұз өндіріліп, экспортқа шығарылды. Алайда тәуелсіздік жылдары инвесторлардың дұрыс бағытты ұстанбауынан жобалар жол ортада қалды. 30 жыл бұрын әуелі Кіші Тобылжан жабылып қалды. Одан соң «Павлодартұз» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі Үлкен Тобылжанды да консервациялауды жүзеге асырды. Басты себеп – тұз қорының жеткіліксіздігі. Соның салдарынан ауылдықтар нәпақа тауып отырған жұмыс орындарынан айырылып, жұрт облыс орталығына қарай көше бастады. Кезінде 3 мың­­ның үстінде адам тұрса, бү­гін­­де ондағы халықтың саны 500-ге де жетпейді.

 Осыдан бір жыл бұрын Кіші Тобылжандағы тұз өндірісін қайта қолға алатын инвестор табылып, жергілікті жұрт қуанышты ха­бар­ға елең еткен. Көп ұзамай көп­ші­лік тыңдау өткізілді. Жоба­ны жаңғыртушы компания өкіл­де­рі былтыр шілде айынан тұз өн­ді­руді бастап кетеміз, ал биыл тех­никалық тұзды ас тұзына айналдыратын қайта өңдеу цехы іске қосылады деп уәде еткен-ді. Алайда жұмыстар бір жылға кеш басталып, көл маңайындағы тірлік енді қыза бастаған. Серіктестік 10 адамды жұмысқа қабылдады. Компанияның рұқсат лицензиясы бар, өңірлік табиғат пайдалануды реттеу басқармасы лимит бекітіп берген.

«Тұз өндіру өнеркәсіптік ауқым­да болмаса да, біртіндеп жүре бас­тады. Кіші Тобылжанда 30 жылға жуық уақыт тұз сыртқа тиелмеген. Қазір инвестор техникаларын әке­ліп жатыр. Жергілікті халық ара­сынан жұмысқа адамдарды қабыл­дай­ды. Өкінішке қарай, Үлкен То­­былжанды консервациялаудың мер­зімі аяқталғанына қарамастан, ондағы өндіріс тоқтап тұр. Биыл тұз қорына қайтадан сараптама та­ғайын­далады делінген еді. Әзір­ше жауапты органдар қадам баспай отыр. Бұл көлдегі тұз қоры мол болуға тиіс, кезінде мұндағы жұ­мыс­тар тоқ­тап қалуы салдарынан ауыл тұр­ғындарының көбі еңбек орындарынан айырылды. Егер табиғи ресурс жеке фирманың қо­лы­на берілсе, бұрынғы игіліктер ауылға қайта оралады деген үміті­міз зор», дейді Успен ауданы Рав­но­поль ауылдық округінің әкімі Мұхтар Сқақов.

Аумақта кезінде тұз өндірген «Павлодартұз» компаниясы өкіл­дерінің сөзінше, Тобылжан көлін­дегі шикізат ас тұзына жарамсыз. Сондықтан одан тек техникалық тұздың 30-40 мың тоннасын алып отырған. Басым бөлігі Ресейге экспортталыпты. Техникалық тұз негізінен қыста көктайғақ кезінде жолдарға себуге, зауыттардағы сүз­гі­лерді тазартуға, мал азығы ретінде пайдаланылады. Осы көлдердегі тұз жазғы уақытта ғана өндіріледі.

Жалпы, Успен ауданында тұзды, сортаң көлдер баршылық. Соның ішінде Тобылжан аумағындағы қос су айдынында шамамен 1934 жылдары тұз өндірісі басталған. Тұз өндіру кәсібі кеңес өкіметі жыл­дары аудан экономикасының негізін құрап, натрий хлоридінің құрамындағы ас тұзы 99 пайыз мөлшерінде кездесетіні белгілі бол­ған. Әрі тұздың да дәмі ерекше. Алайда оның құрамындағы ұсақ саз түйіршіктері бірнеше мәрте жуғанда кетпей, тұз сұрғылт тартып тұрады. Соған орай мұндағы тұз екінші сұрыпқа жатқызылады. Бір жылдары Тобылжанда түрлі дәмдеуіштер қосылған тұз түрлері әзірленіп, экспортқа шығарылады деп жоспарланған. Өндіріс алғаш­қыда жаңа өнім түрлерін сапалы түрде шығара бастағанымен, сатылым маркетингі дұрыс жолға қойылмағандықтан, көп ұзамай жабылып тынды.

 

Павлодар облысы,

Успен ауданы