• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2023

Екібастұзға жылу беріле бастайды

201 рет
көрсетілді

Екібастұздағы жылу желілерін жаңарту жоспары іс жүзінде тәмамдалуға жақын. Қаладағы жылу тораптары мен магистральдерді жаңарту, жылу-электр орталығындағы жабдықтарды жөндеу кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Қазан айының 1-нен шаһардағы үйлерге жылу беріле бастайды деп күтілуде.

Кеншілер шаһарындағы жылу желісін жаңарту аясында Мәшһүр Жүсіп көшесі бо­йында биыл жаңа жылу магис­тралі салынды. ЖМ-2 магис­тра­лін сынақтан өткізу барысын байқау үшін облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына арнайы барды. Аймақ бас­шысы сынақ жүргізіліп жат­қан аумаққа жеткенге дейін құбырға берілген қысым компенсатор тығыздамасын жұлып алып, желіден су атқылаған. Яғни «Достық» дүкенінен «Қа­зақ­стан» кинотеатры аялдамасына дейін магистральді сынақтан өткізу кезінде жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор істен шықты. Абырой болғанда, құбырлар зақымдалған жоқ. Бір күннің дересінде ақау жойылды. Енді осы магистральді желіні сынау және жуу жұ­мыс­тары қайта жалғасады. Сондай-ақ Абай көшесіндегі үш магис­траль қысыммен тексеруден өтті. Бұл аумақтарда да іске қосу алдындағы дайындық жұ­мыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын гидравликалық сынақ­тар кезінде Екібастұз тұр­ғын­да­рының бірінің жеке ауласын да су басқан еді. Облыс әкімі әлгі үй иесінен келтірілген қо­лай­сыздықтар үшін кешірім сұрады. Бүгінде ақау жойылып, аула тазартылды. «Жүргізіліп жатқан жұмыстарды көпшілікке кеңінен түсіндіру керек. Бізге қазірден-ақ желілердің осал тұс­тарын анықтап, пайда болған ақауларды бірден жою маңызды. Сол үшін жаңа құбырлар жоғары қысыммен тексерілуде», деп атап өтті облыс әкімі.

Жалпы, көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтардан кейін Екібастұздың жылумен жаб­дықтау желілерінде барлығы 388 ақау жойылды. Қала тұр­ғын­да­рынан келіп түскен өтініш­тер бойынша орамішілік жылу желілеріндегі 14 проб­ле­малық учаскені жөндеу жұмыстары жалғасуда. 690 көпқабатты тұр­ғын үйдің 665-і жылуды қа­былдауға толықтай дайын. Тағы 25 көпқабатты баспанада ішкі жылыту жүйелерін жөндеу, жуу, сығымдау жұмыстары аяқ­та­лып қалды.

Көмірлі шаһардағы жылу беру маусымы 1 қазаннан бас­талмақ. Жергілікті билік өкіл­дерінің мәліметінше, жылуды қабылдауға дайындық бойынша барлық жұмыс уақытылы және барынша сапалы орындалуда. Қазіргі күні коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеу режіміне көшіріліп жатыр. Жылумен жабдықтауды бастау бір бөлек, жүйені теңдестіру де маңызды. Жылу желілері қызметтері мен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін реттеу және шеткі үйлердегі гидравликалық пара­метр­лерді теңдестіру бойынша үйлесімді жұмыс күтіліп отыр. Облыс басшылығы жылу­мен қамту бағытындағы іс-шара­ларды одан әрі жетілдіре түсуді жоспарлап, ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистралдарын қайта жаңарту үшін жобалық-сме­та­лық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Себебі бұған дейін 1973 жылы салынған аталмыш магистральдің Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы учас­ке­сінде ақау орын алған еді. Мамандар құбыр металының 3 мм-ге дейін жұқарғанын анықтаған. Со­нымен қатар жыл соңына де­йін ЖМ-7/1 жаңа магис­тра­лі­нің құрылысын қолға алу көз­деліп отыр. Бұл бір аудан­ның жылуды шамадан тыс көп алып, ал екіншісі аумақта жылу жетіспеушілігі орын алған жағ­дайда қаланың жылумен жаб­дықтау жүйесін теңдестіруге мүмкіндік береді. Екінші көтер­гіш сорғыдан Екібастұз ЖЭО-на дейін техникалық судың жаңа резервтік магистралінің құрылысы да жалғасуда. Қазір жер қазу жұмыстары жүргізіліп, желі орнатылып, бекіту арматурасы күтілуде. Нысан құры­лы­сын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары да кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде 3 энергетикалық қазандық пай­да­лануға дайын тұр. Оған қоса жылу беру маусымы бас­тал­ғанға дейін тағы 3 су жылыт­қыш қазандық агрегаты да іске қосылады. Қалған 4 қазандық қазан айының соңына дейін то­лы­ғымен жөнделеді.

«Қаланы жылумен қамту мә­селесі әрбір екібастұздықты алаң­датады. Біздің міндет – бар­лық қажетті жұмысты сапалы орындау. Біздің бірлесе атқар­ған жұмысымыздың нәти­жесі үйлердегі тұрақты жылу болуға тиіс», деп атап өтті өңір басшысы А.Байханов жылу желілерін жөндеушілермен кездесуде.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы