Алматы облысында балық шаруашылығын дамыту мақсатында Іле ауданы Байсерке ауылдық округіне қарасты «Asanov Club» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекіре балықтарының аса құнды түрлерін, атап айтсақ, құртпа, қарыш және сібір бекіресін алып келді. Құны қымбат балықтың бұл түрін Қарағанды облысындағы бекіре өсіру зауытынан алдырған. Игілікті шараға Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының орынбасары Нұрболат Наржанов, Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Мағзұмов арнайы қатысты.
«Кешеніміз тауарлық балық шаруашылығын қолға алғанына бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл асыл тұқымды балықтарымыз жыл бойы жабық сумен қамтамасыз ету жүйесі бар жасанды тоғанымызда өсетін болады. Барлығы заманауи технологиямен жабдықталған. Бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге және ұстауға оны көбейтуге өте қолайлы. Бүгінгі жаңадан келген аналық бекірелерімізді өсіріп, оның уылдырығын алып, біздің климатымызға лайықты жағдайға жеткіземіз. Бұл үдерістің өзі 4-5 жылдың көлемінде жүргізіледі. Осы бағытта ауданымызды ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де экспорттайтын боламыз», дейді «Asanov Club» ЖШС-ның директоры Эдуард Антоненко.
Балық кешені уылдырықты ұзақ жылдар бойы алудың күрделі технологиясын игеруімен ерекшеленеді. Он жылдың көлемінде үздіксіз өмір сүре беретін болады.
Бүгінгі күні балық шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 2022 жылға субсидиялауға 70,0 млн теңге бөлінді. Бұл сома «Qoldau» порталында берілген 17 өтінім бойынша игерілді. 2023 жылға жергілікті бюджеттен осы мақсаттарға субсидиялар көлемі екі есеге ұлғайып, 150,0 млн теңгеге дейін инвестициялық шығындарды өтеуге республикалық бюджеттен 436,7 млн теңге бөлінгені туралы Алматы облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Айдар Мағзұмов хабардар етті.
«Осы жылдың 14 маусымында Алматы облысы әкімдігінің «2023 жылға арналған акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау көлемдерін бекіту туралы» №179 қаулысы шығып, бүгінгі күнге «Kezekte» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Balyqsy» сервисі арқылы 138 971 469 теңге сомасына 30 өтінім төленді, 1 өтінім қарау сатысында және инвестициялық шығындарды өтеуге 14 өтінім берілді. Қазіргі уақытта өтінімдер қаралып жатыр», деді басқарма басшысы Айдар Мағзұмов.
«Asanov Club» тоған шаруашылығы алғашқы балық аулауды былтырғы жылдың қыркүйегінде жүзеге асырып, балық инспекциясымен бірлесіп «Балық өсіру – биологиялық негіздемесі» атты жоба жасалып, тоғандар пайдалануға берілген. Қазір 2 гектар жерде 3 тоған жұмыс істеуде.
Серіктестік директоры Эдуард Антоненконың мәлімдеуінше, бұл өңірдегі бекіре тұқымдас балық түрлерін өсірумен айналысатын жалғыз тоған, онда 19 тонна балық бар екен.
Елімізде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, Алматы облысы бойынша негізгі нысаналы индикаторлар 2030 жылға қарай акваөсіру өндірісін 3,7 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін жеткізуге қамданып отыр. 2023 жылы тауарлы балық өсіру жоспары 5 568 тоннаға жоспарланды. Алматы облысында 2026 жылға қарай 329 жаңа жұмыс орнын құру арқылы жалпы құны 80,6 млрд теңгені құрайтын, жалпы қуаттылығы 16,3 мың тонна тауарлық балық құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алматы облысы