• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 29 Қыркүйек, 2023

Дәстүрлі әннің «Інжу-Маржаны»

385 рет
көрсетілді

Қазақтың ән өнерінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, ақындық мұрасымен де аты аңызға айналған Әсет Найманбайұлы атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауы «көрген де арманда, көрмеген де арманда» дегендей ерекше әсер қалдырды. Үржар аудандық мәдениет үйінде өткен мәдени іс-шараны Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырғанының куәсі болдық.

Өйткені, қазір даңғаза әуен, ма­ғынасыз сөзді әуелеткен арзанқол эстрадалық әндер етек алып бара жат­қан кезде ұлттық құндылықтың қай­нары іспетті қазақтың дәс­түрлі әндерін дәріптеудің ауа­­дай қажеттілігі күн сайын білініп тұр. Одан қалса, «дом­­быра харам» деген соқыр ұғымды кейінгі толқынның санасына сіңіруді көздейтін әлдебіреулердің әлеуметтік желідегі көзқарастары да кө­ңілге кө­леңке түсіргенін жа­сыруға болмайды.

Тауың шағылғандай әсер қалды­ратын рухани тап­шылықтың орнын толтырған осынау «Інжу –Мар­жан» бай­қауына қазақ даласының әр өңірінен ән оздыруға асық­қан жас таланттардың қатары артқаны қуантты. Астана, Ал­маты, Павлодар қа­лала­ры­нан, Абай, Алматы, Ұлы­тау, Шығыс Қазақстан, Же­ті­су об­лыс­тарынан келген 19 қа­ты­сушының өне­ріне Қа­зақ­стан­­ның еңбек сіңірген қай­раткері, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының доценті, профессор Нұржан Жанпейісов (қазылар алқасының төр­ағасы), Мәдениет қай­­раткері Толғанбай Сембаев, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлт­тық кон­­серваториясының до­центі Ар­дақ Исатаева, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ерлан Рысқали, «Мәдениет саласының үздігі» Берік Омаров се­кілді дәстүрлі әннің дүлдүлдері қа­зылық етті. Айта кетейік, әр жылдарда ай­мақтық, облыстық деңгейде Әсет әндерінің байқауы осымен ІІІ рет ұйымдастырылғанымен, респуб­ликалық деңгейде тұңғыш рет өткі­зіліп отыр.

Үржар аудандық Мәдениет үйінің әртістері сахналаған Әсет Най­ман­байұлының дүниеге келу сәті мен хас та­лант­тың өнер жолына бет бұр­ған жылдарда Абай Құнан­байұлының ауы­лына барып ұлы тұлғамен кездескен шағын бейнелеген театрлық қойылым көрермен қауымды әуел бастан керемет әсерге бөледі.

Осындай тамаша көрі­ністерімен шымылдығын аш­қан дәстүрлі ән байқауы қатысушылардың бірінен-бірі асып түсетін өнерімен екпін алып жүре берді. Дегенмен ақындық пен әншілікті тең ұстаған Әсет әндерін на­қышына келтіре орындау да оңай еместігі белгілі.

«Бозбала осы әнімді

үйренерсің,

Ырғаққа келтіре алмай

күйзе­лер­сің» –

дейді Әсет. Айтса айтқандай, Әсет әндері кез келген әншінің уысына түсе бермейді. Әйгілі күміс-көмей, жез­таңдай әнші, Әсет әнінің мұрагері Дәнеш Рақышұлы бізге аманаттап оның 14 әнін жеткізді. Әттеген-айы сол, Әсеттің әні өз орындауында сақталған жоқ. Тек оның өнеріне куә болған Кенен Әзірбаевтың естелігіне ғана сүйенуге тура келеді. Жетісу өңірінде үш ғасыр Ресейді билеген Романовтардың 300 жылдығына орай бірнеше киіз үй тігіліп, ұлан-асыр той ұйымдастырылған екен. Сол тойға Әсет те келіпті. Сол кез­де ол ән салғанда түскен үйіне қарай елеңдескен жұрт бірінен кейін бірі ағылыпты. «Әсеттің дауысына тәнті болған қа­уым біртіндеп өзін көруге ын­тыққанда, дауыс ырғағынан киіз үйдің түңлігі желпілдеп тұрды. Қазақта дәл мұндай дауысты естіген жоқпын. Қазіргі айтылып жүрген Әміренің әншілігі ғана жақындамаса» дейді Кенен атамыз. Көрдіңіз бе, осы суреттеуінен-ақ Әсет­­тің қандай талант иесі бол­ғанын байқауға болады. Өнер жолында бірге жүрген Ерлан Рысқали айтпақшы, Әсет әндерін орындау үшін алдыменен әншіге мінез керек,-дейді дәстүрлі әннің жүйрігі, сан шәкірттің ұстазы Нұржан Жанпейісов.

Қазақтың дархан даласында аты аңызға айналған Әсет Най­ман­байұлының ақындық мұрасы да, әнші-сазгерлік таланты әлі де кеңінен зерттеуді қажет етеді. Ұлы таланттың тағдыр-талайына қатысты тарихи оқиғалар, естеліктер де же­терлік, әрине. Дегенмен Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының му­зейін­дегі оның ғұмыр кешкен ке­зеңдеріне қатысты жәді­гер­лердің жөні бір бөлек. Ән байқауына қатысушылар атал­­ған музейге арнайы барып, Ә.Най­­манбайұлының ес­керткішіне гүл шоқ­тарын қоюға қатысты. Одан кейін қонақтар осы музейдің мең­ге­ру­шісі, Ә.Найманбайұлының не­ме­ресі Ләззат Қожағұлқызының тарихи деректер мен құнды жәді­герлер­мен таныстырған әсерлі әңгімесін құмарта тың­дады. Сонымен қатар дәс­түрлі ән өнерінің ерекшелігі, оның ұлттық құндылығы, әр өңірдің дәстүрлі ән мектебін қалыптастырған тұлғалар жайында Н.Жанпейісов, Т.Сем­баев. А.Иса­таева, Е.Рыс­қали, Б.Ома­ров кейінгі тол­қынға шеберлік сабағын өт­­кі­зіп, өнер жолындағы тәжі­рибелерін ор­таға салды.

Сонымен Әсет Найман­бай­ұлының туған жерінің аспанын екі тәулік бойы әуелеткен дәстүрлі ән байқауының да шымылдығын түсірер кез жетті. Қазылар алқасының жас таланттардың өнер сайысын қорытындылау бағасына сәйкес, талдықорғандық әнші Дәуен Алғысбекке Ә.Най­ман­байұлының шы­ғар­малары бойынша «Інжу-мар­жан» республикалық дәстүрлі ән­шілер байқауының арнайы сыйлығы табыс етілді. Ас­таналық Нұржан Мейір­хан мен қарағандылық Өмір­ғалы Мадияр Үржар ауданының ар­найы сыйлығымен (әрқай­сына 50 мың теңгеден) марапатталды. Сон­дай-ақ Әсет Найманбайұлының ұр­пақ­тарының арнайы сыйлығына (50 мың теңгеден) астаналық Зәмзәгүл Смағұлова мен өс­кемендік Абылайхан Бақыт ие болды. Үш әнші – Абай облысы атынан өнер көрсеткен Жасұлан Тәжиев, астаналық Серікхан Айбат, алматылық Ұлсая Бектас ІІІ орын биігінен (100 мың теңге) көрінді. Жүл­дегерлерге марапатты қазылар алқасының мүшесі Толғанбай Сембаев тапсырды.

Байқаудың ІІ орын жүл­десін (200 мың теңге) қазылар алқасының мүшесі Ерлан Рысқали Жетісу облысынан кел­ген Қаһарман Сәбинұрға, Абай облысы, Ақсуат ауда­нынан қатысқан Айдос Санияз­бекұлына табыс етті.

Байқаудың І орын жүлдесіне (300 мың теңге) лайық болып танылған павлодарлық жас талант Жалын Құ­лан­байды Ардақ Исатаева марапаттады.

Көрермен қауым асыға күткен дәс­түрлі әншілер бай­қауында Алматы қала­сынан бақ сынаған Саты­бал­ды Мағ­жанның бағы жанды. Жүз­ден жүй­рік шыққан жас дарын­ға қазылар алқа­сының төрағасы Нұр­жан Жанпейіс 500 мың теңгенің Бас жүлдесін табыс етті.

 

Абай облысы