Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы ұйымдастырған KIPD Animation уоркшобының жабылу рәсімі өтті.
Екі күнге жалғасқан іс-шарада отандық және шетелдік анимация саласының үздік мамандары шеберлік сабағын өткізді. Атап айтқанда, отандық ARA студиясының негізін қалаушылар, Shyraq анимация мультфильмінің авторлары Мейіржан Сандыбай мен Бақытжан Шабдукаримов, «Үш мысық» анимация хикаясымен танымал Metra Films компаниясының өндірісіне жауапты Алексей Гришин, «Сөйлейтін Том», «Астерикс пен Обеликс» жобаларының көркемдік жетекшісі Крис Паламара, Nickelodeon, Cartoon Network, Disney секілді ірі анимация компанияларының storyboard-суретшісі Шонт Нигогосян және Lumiries Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Мария Косарева тәжірибелерін таныстырды.
Алексей Гришин «Анимация жасау үдерісі: кезеңдері, технологиясы және кәсібі» тақырыбында уоркшоп өткізіп, продюсерлер меңгеру керек машықтарға тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллекті анимация мамандарының жұмысын жеңілдеткенімен, олардың орнын баса алмайды. Өйткені бәрібір ЖИ көмегімен жасалған жұмыстар одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
Ал Крис Паламара анимация жасаудың алғашқы қадамдары мен кейіпкерлердің дизайны туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, анимация контентін жасау үдерісі осы салаға тән заңдылықтарды ескеру, сюжет құру, артборд жасау және кейіпкерлермен жұмыс деген негізгі кезеңдерден тұрады. Уоркшоп барысында шетелдік сарапшы қатысушылармен бірге анимация кейіпкерлерін бейнелеп, жас мамандардың жұмыстарына талдау жасады.
Айта кетейік, уоркшоп тақырыптары мультипликация жасау кезінде заманауи тәсілдер мен технологияларды қолдану, аудиторияның сұранысына сай жобаның құндылығын арттыру, индустрия саласына шетелдік сарапшыларды тарту, белгілі анимация студияларымен байланыс орнатып, серіктестік құру сынды маңызды тақырыптарды қамтыды.
Іс-шараның екінші күні Шонт Нигогосянның шеберлік сабағымен жалғасты.
«Егер storyboard-суретші көріністі қалай суреттеу керек екенін білмесе, демек ол сюжеттегі бір тұсты назарынан тыс қалдырған. Өйткені көрерменнің жасына байланысты сюжет пен көрініс әрқилы бейнеленеді. Кейіпкерлердің түсін, пішінін өзгертіп, көңіл күйін көрсететін бөлшектерді түрліше құбылтуға болады», дейді сарапшы.
Анимация жасау үдерісінде көріністің тартымды, мазмұнның креативті болуынан да басқа маңызды қадам бар, ол – pitching, яғни дайын өнімді демеушілерге немесе серіктестерге ұсыну. Бұл мәселеге жиын барысында Мария Косарева тоқталды. Сондай-ақ қонақтар мен қатысушылар Pizza Pitch арнайы сессиясына қатысып, сұрақ-жауап форматында пікір алмасты. Жиын соңында оларға арнайы сертификат табысталды. Еске салайық, іс-шараны өткізудегі мақсаты – анимация индустриясы саласында жұмыс істейтін отандық мамандар мен студенттердің кәсіби білігін арттырып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Уоркшоп Мәдениет және ақпарат министрлігінің отандық креатив индустрияны дамыту бағытындағы жұмыстары аясында өтті.