Лондон төрінде Гүлнұр Мұқажанова мен Айғана Ғалидың жеке көрмесі өтіп жатыр. Three Highgate галереясында өткен «La Makan, Cosmic Corporeality» көрмесінде суретшілер ата-баба тарихынан сыр шертіп, қазақ мәдениетін таныстырады.
Суретші Гүлнұр Мұқажанова өз жұмыстарында негізінен киіз және мата пайдаланады. «Босаға» туындысы сол материалдардан жасалған. Қазақтың «Табалдырықты баспа, босағада тұрма» деген тыйымдары автордың қылқаламында да көрініс табады. Яғни ұлттың талай ғасырларға ұласқан дәстүр-ұғымдары бейнеленген. Көрерменді таңғалдырған тағы бір туынды – малдың терісінен жасалған адам денесінің мүсіні. Жүрек тұсында шаншылып тұрған инелер мың өліп, мың тірілген қазақ халқының қайғы-қасіретін сипаттайды.
«Көшпелілер уақытында ата-бабаларымыз қаншама қиындықтардан өтті. Сонда да бүгінгі ұрпаққа бай салт-дәстүріміз, мәдениетіміз жетті. Менің мақсатым – қазақтың әруақтарының рухын көрсету, сақтау, әлем халқына жеткізу, құрметтеу», дейді Гүлнұр Мұқажанова.
Айта кетейік, бұл – Гүлнұрдың Лондондағы үшінші көрмесі. Ал өзі Берлинде тұрады. Он жылдан астам уақыттан бері шығармашылығы арқылы Германияда туған жерін танытып жүр.
«2022 жылдың наурыз айында Айғанамен алғаш кездескенде-ақ оның шығармаларына тәнті болдым. Біз әртүрлі стиль мен формаларда жұмыс жасасақ та, бізді ерекше жақындастыратын күш бар. Ол біздің тамырымызда, тарихымызда, ата-бабаларымызда, жерімізде жатыр. Біз бойымыздағы ұқсас энергияны сезіндік», дейді Г.Мұқажанова.
Айғана Ғали да шетелдік көрмелерге жиі қатысатын суретші. Ол Лондондағы көрмеге «Тәңір» сериясына кіретін картиналарын әкелген. Өмірдің қалай бастау алып, жалғасатынын жеткізуге тырысқан.
«Мен үшін, ең алдымен мәдениетімізді көрсету маңызды. Біздің ешкімге ұқсамайтын менталитетіміз бар, оны баршаға түсінікті тілмен, өнер тілімен жеткізу қажет», дейді Айғана Ғали.
Көрмені Лондондағы Ainalaiyn Space заманауи өнер ұйымы ұйымдастырды. Оның арт-кураторы және негізін қалаушы Индира Дүйсебаева-Зиябек серіктестері Лоран Леман және Дина Байтасовамен бірге AIDA (Халықаралық өнерді дамыту қауымдастығы) коммерциялық емес өнер ұйымы арқылы Орталық Азиядағы заманауи өнермен он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Игі бастама 2013 жылы Венециядағы Қазақстанның жеке павильонынан басталыпты. One Step/pe Forward көрмесі еліміздің алғашқы заманауи өнер шоуы ретінде танылды. Ол көрмеде қазақ даласының кеңдігі негізгі тақырып болған еді. Ұйымдастырушылар Орталық Азиядағы заманауи суретшілерге қаншалықты қолдау қажет екенін түсіндік дейді. Өткен жылы құрылған платформа халықаралық арт-резиденция ретінде қызмет етеді және ғылым, сәулет және әдебиет бойынша қоғамдық оқу бағдарламаларын ұсынады.
«Ainalaiyn Space жобасына бір жыл енді болады. Сонда да біз Лондондағы Mimosa House, Exposed Arts Projects, Hellenic Centre сияқты өнер институттарымен, арт-резиденция кезінде Грекияның Метеора геологиялық құрылымдарының мұражайымен ынтымақтаса алдық», деді Дүйсебаева-Зиябек.
Айта кетейік, көрме 15 қазанға дейін жалғасады.