Жапонияның бас шаһары – Токиодағы 11 мың көрерменге арналған әйгілі «Рёгоку Кокугикан» стадионында жалауын көтерген сумо күресінің күзгі турнирі өз мәресіне жетті. Бұл бәсекеде қазақ балуаны Ерсін Балтағұл да бар.
Элиталы сумо күресінің күзгі чемпионатында жапон балуаны озеки дәрежелі Такакэйшё жеңімпаз атанып, карьерасында осымен төртінші рет Жапония императорының кубогін иеленді. Бәсекенің финалында Такакэйшё 21 жастағы отандасы Атамифужиді қапы қалдырды. Ал жоғары дивизионда белдесіп, «Кинбозан» лақап атымен күншығыс елінде танылып келе жатқан отандасымыз Ерсін Балтағұл да үздіктер қатарынан көрінді. Бұл дивизионда озеки дәрежелі Хошёрю, Киришима, сэкивакэ дәрежелі Дайэйшё, Асанояма сынды жапон күресінің жампоздары бар. Ерсін биыл алғаш рет көктемде «Хару башёда» турнирінде күресіп, жарысқа қатысқан балуандар арасында үздік төрттіктің қатарынан көрінген еді. Жуырда күншығыс елінде күресіп жүрген қазақ балуанымен хабарласып, бәсеке туралы сөйлескен едік. Ерсін отандастарының ыстық қолдауын сезінетіндігін жеткізді.
«Қолдауларыңызға рахмет. Бәсекеден кейін әрі-бері шапқылап, енді босап жатырмыз. «Аки башё» сайысын, Аллаға шүкір, жақсы аяқтадық. Әрине, әр нәтижелі жарыстан кейін сумо күресінің заңы бойынша балуандардың дәрежесі көтеріліп отырады. Мен қазір «маэгашира 10» деген дәрежеде тұрмын. Енді бұйырса, «маэгашира 7» деген дәрежеге дейін көтерілемін», деді Ерсін Кинбозан.
Сумо күресіндегі дәрежелер қандай маңызға ие екені оқырманға түсінікті болуы үшін олардың қандай сый-сияпат алатыны жайлы айта кеткен жөн. Мысалы, жоғары дивизионда белдесетін балуандар ай сайын айлық алып отырады. Екозуна (чемпион) – 2 820 000 иен (9 078 623,40 теңге), озэки – 2 350 000 иен (7 565 519), секиваке – 1 640 000 иен (5 279 766), комусуби – 1 290 000 иен (4 152 987 тг), маэгашира – 1 160 000 иен (3 734 469), журио – 1 100 000 иен (3 541 307 теңге). Бұған қоса әр башёдадан кейін берілетін қомақты сыйлықтар бар. Өйткені сумо – өте күрделі спорт түрі.
Ерсін биыл алғаш рет көктемде «Хару башёдада» күресіп, 11-4 деген нәтижемен үздік төрттіктің қатарына бір-ақ шыққан. Ал бұдан кейінгі нацу башёда керісінше 4-11 болса, нагоя башёда 7-8, ал бұл жолғы Аки башёда 9-6 нәтиже көрсетті. Ал спорт жанкүйері Анық Көкенайдың айтуынша, Ерсін екі жарыстан кейін бойын түзеп алған, енді оның жеңісті жолы жалғасады.
«Ерсіннің бұрынғы күресін таппай қалған едік. Алайда бойын қайта жинап, күзгі башёдада мықты өнер көрсетті. Жеңіске деген сенімі мол болды. Жарысты 8-орынмен аяқтады. Бұл – қазақ сумошысы үшін аса жоғары көрсеткіш. Дегенмен Ерсін ұстасып күресуде осалдық танытып жүр. Ал функционалдық, психологиялық тұрғыда мығым. Осы қарқынынан таймаса, алдағы бір-екі жылда жеңіс тұғырынан көрінері сөзсіз. Қазақтан шыққан тұңғыш озеки, тіпті ёкозуна болады деген сеніміміз мол», деді ол.