Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров журналистермен кездесуінде ғарыш сапарынан келген соң қазақ тілінде жатық сөйлеуді қалай тез меңгеріп алғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстанда алғаш рет өткен Қазақ құрылтайында сахнаға біраз қазақтар шығып сөз сөйледі. Мен ол жиынға Олжас Омарұлымен бірге бардым. Екеуімізді де сахнаға шығарып, сөз берді. Өз кезегінде сөз алған Олжас Омарұлына көпшілік «Неге қазақша сөйлемейсің?» деді. Сонда ол кісі: «Келесі жолы ана тілімде сөйлеймін, уәде беремін», деп маған бұрыла қарады. Мен де сол кезде қазақтардың алдында қазақша сөйлеуге уәде бердім», деді Т.Әубәкіров.
Батыр сол кезден бастап қазақ тілін ән арқылы үйренгенін айтты.
«Әнді көп тыңдадым, түсінбеген сөздерімді жазып алып, мағынасын іздедім. Осы тәсіл көп көмектесті. Содан кейін Қызылорда халқына алғыс айтамын. Сол өңірден депутат болып сайланғанда, халықтың ортасында жүруім қазақшамды жетілдіруіме үлкен ықпалын тигізді. Солай намысқа тырысып, үш айдың ішінде тілді тез үйрендім. Халықтың арасында жүріп қазақ тілінің кеңдігін, тереңдігін түсіндім», деді ол.
Еске салайық, жақында ғарышкер «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, белгілі хирург, профессор Серік Тоқпанов, «Ер Тоқтар» кітабының авторы, белгілі журналист Талғат Сүйінбай қатысты.