• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 29 Қыркүйек, 2023

Оқу-ағарту министрі Ұстаздар мерекесіне орай челлендж бастады

303 рет
көрсетілді

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзіне тәлім берген үстаздарды еске ала отырып, Ұстаздар мерекесіне орай әріптестеріне «Ұстазым менің, ұстазым!» атты челленж жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғани Бейсембаев челлендж басында өзінің аяулы ұстаздары туралы естеліктерін бөлісті.    «Ең алдымен Хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидасын бойыма әбден сіңірген, өмірлік ұстаздарым - ата-анама алғыс айтқым келеді. Кезінде біз бір қабатты, сабан кірпіштен қаланған, шағын мектепте тәлім алдық. Сол аядай ғана білім ұясын оқушыға деген махаббатымен зәулім әрі жарық еткен ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын. Әсіресе алғаш «Әліппемен» таныстырып, сауатымызды ашқан Қызылбаева Дәмеш апайыма мың тағзым етемін. Бүгінде ол кісі тоқсанның төріне шыққан ардақты әже. Дәмеш апайдан кейін 4-7 сыныпта бізді өз алақанына алған Сыздықова Күлтай апайымыз да жадымызда. Әуелде қатал көрінгенмен, қамқоршы болған ұстазымыздың жақсылықтарын бала көңіл қайтіп ұмытсын?! Одан кейінгі қызық та ең қиын кезең, бозбала мен бойжеткен сәтімізде тәлімі мен тәрбиесін көрген сынып жетекшіміз Сейілова Ұлтай апайымызды ұмыту тіпті де мүмкін емес. Ұлтай апайдың сол кездегі бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Жібекке ұқсайтын», деп еске алды министр.   Сондай-ақ педагог ретінде қалыптасу жолында тәлімгерлік еткен Дәлелхан Мусин, Раушан Букаева, Антонина Бондарева, Қанипа Бітібаева, Шәмшә Беркімбаева ұстаздары бұл өмірден озса да, олардың есімі мәңгі жадында екенін атап өтті.    «Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбектеніп, ағартушылық қызметті абыроймен атқарып жүрген және зейнет демалысындағы педагогтер қауымына шынайы ризашылығымды білдіре отыра, әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер, мерейлеріңіз үстем болсын!», деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.    Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай, барша Қазақстан азаматтарына және Нұртөре Жүсіп, Askhat Aimagambetov, Тамара Дүйсенова, Aida Balayeva, Sayasat Nurbek, Giniyat Azhar әріптестеріне «Ұстазым менің, ұстазым!» атты челлендж жолдады.   «Аяулы ұстаздарыңыз жайлы жылы лебіздеріңізді білдіріп, қызықты естеліктеріңізбен бөлісуге шақырамын», деді Ғ.Бейсембаев.