Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында семсерлесуден Қазақстан құрамасы командалық жарыста жартылай финалда Гонконг командасымен сайысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құрамында Елмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай (запастағы ойыншы) бар семсерлесушілер финал жолдамасын иелену үшін Гонконг командасымен сайысып, барлық жекпе-жек қорытындысы бойынша 45:30 есебімен жеңіске жетті. Гонконг командасы қоланы қанағат тұтты.
Семсерлесуден финалға шыққан Қазақстан құрамасы Жапониямен «алтынға» таласады. Шешуші ойын Астана уақытымен 16:35-те өтеді деп жоспарланған.