Бүгін Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланының Академиясына ел тарихында еркін күрестен алғашқы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан арнайы барды, деп жазады Egemen.kz.
ҚР Ұлттық ұланы Академиясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, әйгілі спортшыны қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері, ата-аналары, достары алып жүрді.
Ол Академияның жеке құрамымен кездесу барысында Сербиядағы әлем чемпионаты кезіндегі жеңіс сәті туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ елімізге еркін күрестен алғашқы алтын медаль тарту еткен әлем чемпионы ЖОО-ның тыныс-тіршілігімен танысып, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарып жүрген Ризабек Айтмұхан – ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшісі екенін айта кеткен жөн.