• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 02 Қазан, 2023

Өндіріс пен өнертабыс үйлессе...

295 рет
көрсетілді

Өткен жұма күні жолға шығып, іссапармен Ақмола облысының Астрахан ауданына сапарлап қайттық. Баспасөз-турын Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырды. Ондағы басты мақсат – «AZAM» зауытының жұмысымен танысып, дәнді дақыл өндіруші кәсіпорынның қызметін өз көзімізбен көру еді.

Төрт жігіттің тірлігі

Астанадан шығып, 180 шақы­рым жол жүргеннен кейін аудан орта­лы­ғын­дағы кәсіп­орын­ның бас кеңсе­сіне ат басын тіре­дік. Екі қабаттан тұра­тын ғима­раттың архитектурасы қара­па­йым бол­ғанымен, орналасқан орны­на қа­рай еңселі әрі тартымды көрін­ді. Іші-сырт­ы тап-таза. Жап-жаңа жиһаз­да­ры мен қызмет бөлмелері керемет бір үй­лесім тапқан. Кеңсе қыз­мет­кер­­лері ноутбукпен және де басқа зама­­науи құралдармен қамтамасыз етіл­ген. Кең­се қызметкерлерінің алаң­сыз жұ­мыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

«AZAM» атауы кәсіпорынға қандай мақсатпен қойыл­ғанын және оның мәні мен маз­мұнын сұрап білдік. Сөйтсек, туыстық пен тату­лықты қатар өрген төрт бірдей ағалы-іні­лі бауырдың есімдерінің бас әріп­терінен құралған атау екен. Таратып айтқанда, А – Аязбек, Z – Заманбек, А – Арыстанбек, М – Мұратбек.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақ қағидасын мық­тап ұста­н­ған жігіттер бір зауыт­тың арқасында еліміз бойынша дәнді дақылдарды кептіруші әрі тазалаушы кешенді 100 за­уытты іске қосқан. Кәсіпорында 150 кісі жұмыс істейді. Айлық жалақы­лары 180 мыңнан бас­тап, кәсібіне қарай жоғарылайды. Ауыл асып алысқа бармай-ақ, таба­тын бұл жалақы кім-кімді де толық қана­ғаттандырады. Өйткені әр жұмысшы-қызметкер­дің әлеуметтік жағдайы ескеріліп, мұқтаждық туған кезде көрсетілетін көмек те бар. 

Жалтыр стансасында орналасқан кәсіпорынның жалпы аумағы 2 гектарға жуық болса, станоктар мен құрал-жаб­дықтар орын тепкен, қыста толық жылытылатын жабық аңғарлар 6 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Тапсырыс көп болғандықтан зауыт құрылғалы бері қысы-жазы тынымсыз жұмыс істейді. Сұраныс артып, шамадан тыс тапсырыс түскенде екі ауысыммен жұмыс атқаратын кездері де болады. Дән кептіргіш және тазалаушы зауыттарды жасап шығару үшін темір шикізаттарын Қарағанды қа­ла­сынан алады. Ал оларды кесіп-пі­шіп, құрастыратын станоктары мен түрлі қажет жабдықтарын негізінен Қытай елінен жеткізеді. Ол үшін көрші елге арнайы барып, станокты, әбден тексеріп, сынақтан өткеріп барып қана таңдаулыларын алып келеді.

Кәсіпорынның жұмысымен Бақы­лаушы бөлімінің бас­ты­ғы Арғын Садауов таныстырды. Оның ай­туы­на қарағанда, «AZAM» компа­ния­сы астық кептіру кешендерінің құ­ры­­лысы бойынша қызметтердің то­лық кө­лемін ұсынады. Өздері құрып берген кәсіпорынның қызметіне біржылдық кепілдік береді. Осы мерзім ішінде зауытта кінәрат болса, өздері түзеп, жөндейді. Сол үшін зауыт қызметкерлері тапсырыс берушілерге өздері барып, оны құратын орынды таңдайды. Сөй­тіп, ол жерге зауытты қа­лай құрудың жоба-жоспарын жасайды. Сонда ғана зауыт сапалы жұмыс істейді.

 

Кәсіпорынның технологиялық әлеуеті

«Зауыт заманауи техникалармен жаб­дықталған. Өндірілген өнім серти­фикатталған және патенттелген. Үлкен форматты лазерлік кесу станоктары жұ­мыс істеп тұр. Олардың кесу дәлдігі – 0,01 мм. Ұзын пластиналарды майыс­тырып иетін машиналар бар. Тегіс металл парақтан қажетті конфигурация профилін қалыптастыратын құрылғы мен 3D лазерлік кесу машинасы зауытқа керек кез келген кесінді мен пішінді ке­сіп, дайындап беруге қабілетті», деді бөлім бастығы.

Зауытты құрып беруші мамандар қандай да бір кемшілік немесе ақау бола қалса, тәуліктің кез келген уа­қы­тын­да жедел жетіп, тез арада кемші­лік­ті жою­ға дайын. «Қажетті мамандарымыз тәулік бойы қызмет көрсетеді:

- ақауларды жою бойынша ұтымды ұсыныстар;

- қосалқы бөлшектер мен материалдарын таңдауға көмектесу;

- кез келген ақаулықты жою;

- қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын қысқамерзімде жүргізе алады», деді Арғын Еренғайыпұлы.

Компания 2019 жылы «Үздік өнер­кәсіптік кәсіпорын» аталымы бо­йынша «Алтын сапа» Президент сыйлығын Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды. Өйткені сер­ти­фикатты және патентті Қазақстан мен Ресейден қатар алған еді. Кәсіпорын директоры Аязбек Мусиннің өз қолымен жасаған дәндерді нормада кептіруші технологиясы еуростандартқа толық жауап береді. Ылғалданып келген дәнді кеп­тіру үдерісінде өнім сапасы сол кү­йінде дерлік сақталады. Оған қазір Батыс елдерінің өзі кепілдік беріп отыр.

«AZAM зауытының элеваторла­ры дәлелденген материалдар мен ком­­понент­терден жасалған және мә­лімделген си­паттамаларға сәйкес келе­ді. Мәселен, қыста жоғары көтеруші бел­діктің шығып кетуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ бел­дік­тің түзу қозға­лы­сын тұрақтандыру үшін біз барабан төсеніштерін қол­данамыз. Белдіктің ені шелектердің өлшемдерінен 2,5-5 см үлкен және барабандардың енінен 2,5-5 см аз. Белбеу дұрыс емес болған жағ­дайда, шелектер қабырғалармен соқты­ғыспайды және қысылмайды», деді ди­ректордың орынбасары Ануарбек Томков.

Компания директоры орынба­сары­ның айтуынша, «АZАМ» зауыты ас­тықты жинап алғаннан кейін өң­деуге ар­нал­ған жоғары сапалы жаб­дық­ты, соның ішінде көлік техни­касын шығарады. Жабдықтарды кәсіби таңдау, тәжірибеге негізделген технологиялық схемаларды құру және тапсырыс беруші үшін қолданыстағы желіге тиімді қо­сылудың дұрыс жолын ұсынады. Сөй­тіп, өн­дірістен іске қосу мен қызмет көр­сетуге дейінгі қыз­меттердің толық спектрін көрсетеді.

«АZАМ» элеватор жабдығы зауыты жоғары сапалы гравитациялық-ағынды жабдық шығарады. Оны «OPTIM MUS» астық кептіру кешендерінде астық ағы­ны­ның жолдарын төсеу кезінде, сондай-ақ «кілтке» тапсырылатын элеваторлар құрылысында қолданады.

Компания құрған зауыттардың қуат­тылығы тәулігіне 800-1000 тонна шахталы астық кептіргіш. Олардың биіктігі – 25 м, ұзындығы – 16 м, ені – 10 м. Онда бидай, арпа, қара бидай, сұлы, жүгері, күнбағыс, соя, бұршақ, рапс, тары, қа­рақұмық, күріш, жасымық, зығыр, құмай, мақсары және басқа да азықтық да­қылдар, сондай-ақ азық-түлікті жұм­сақ және тиімді кептіруге арналған.

«Дәннен 150 мм ылғалдылықты кедергісіз алу үшін біліктердегі астық қабатының оңтайлы қалыңдығы және дән үздіксіз қозғалатын қабатта біркелкі араласады. Жұмсақ кептіру режімінің арқасында, дәннің ақуыз, көмірсу және липидті кешендеріне бағытталған жылу әсерінің жылдамдығы мен ұзақтығы көрсетілген параметрлеріне дәл сәйкес келеді. Біз оған кепілдік береміз: дәннің жоғары сапасы, өнгіштігінің жақсаруы, тұқымның тұрақты өміршеңдігі, жо­ғары сапалы қамырлылық, майлы да­қылдардағы жоғары май мөлшері, дән­нің пісіру қасиеттерінің жақсаруы. Кеп­тіру үдерісінде біз дәрумендер мен дәннің тұтастығын сақтаймыз», деді А.Томков.

Маманның сөзінше, компоненттер мен қосалқы бөлшектерді зауыт қоймаларынан әрқашан табуға болады. «Зауытымыздың қоймаларында 3000-нан аса жинақтауыш және қосалқы бөл­шек­­тер жинақталған», деді ол.

Зауыттың техникалық жарақтан­дырылуы егін жинау кезеңінде астық ке­птіретін және тазартатын қондыр­ғы­лардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүм­кіндік береді екен.

 

Кешенді зауыттың жұмыс ырғағы

Кәсіпорынның озық бір үлгісі саналатын тағы бір өндіріс орнын Астраханға көрші аудан Бұландыға қарасты Жу­равлевка елді мекенінде орын тепкен екен. Табиғаты мен келбе­тіне көз тоймайтын ауылдың зауыт ор­на­ласқан бидай қырманында болдық. Онда зауытпен қатар кептірілген дән да­қылдары сақталатын жабық қой­ма­лары да бар. «Осы кезде қырманда 3 000 тон­­­надан аса бидай дәні бар. Жал­­пы, бір жылда 30-35 мың тонна түрлі дәнді дақылды жинап, кептіріп аламыз. Биыл ол меженің көкжиегі алыс болып тұр. Себебі жаз бойы аспаннан бір тамшы жауын тамбай, егістіктердің кенезесін кептіріп-ақ тас­тады. Сондықтан өнімділік гектарына орташа есеппен 11-12 центнерден ғана айналып жатыр. Негізі бізде гектарынан 25-30 центнерден айналғанда ғана орташа болып саналатын еді. Биыл көңілдің жабырқап тұрғаны да содан», деді қырман меңгерушісі Александр Кавбаса.

Ол кешенді кептіруші зауытты жасап, қондырып берушілерге деген риза­шы­лығы мен жылы ықыласын жеткізді. «Кеңес одағынан қалып, кетеуі кеткен кептіруші элеваторымыз түкке алғысыз болып қалғалы қай заман. Жан қы­сылып жүргенде дәл қасымыздан, яғни көрші Астраханнан «АZАМ» зауыт құрастырушы компаниясының шыққаны қандай жақсы болғанын білсеңіздер. Кез келген дәнді қалаған қалпыңда кептіріп беретін бұл зауыт ТМД елдері ғана емес, Батыстағы озат елдерде де жоқ. Өйткені ол жақта барлығы дерлік шағын шаруашылықтар болғандықтан кешенді дән кептіруші зауыттары да «АZАМ»-дай үлкен емес. Сондықтан «АZАМ»-ды көрген Ресей мен Түркия, одан әрідегі Еуропа елдерінің шаруа қожалықтары бұл зауыттың тех­нологиясы мен өнім сапасына шын тәнті», деді қырман меңгеруші.

«Биылғы егінді қабылдау барысында жалпы сақтау сыйымдылығы 303 мың тоннаны құрайтын лицензиясы бар 3 бірдей астық қабылдау кәсіпорны 100 пайыз жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылшаруашылық бөлімшелерінде сыйым­дылығы 165 мың тоннаға жуық 101 астық сақтау қоймасы бар. Ауданда 18 астық кептіргіштері толыққанды жұмыс істеп тұр. Егін жинау жұмыстарында барлық астық кептіргіштер пайдаланылады. Бұл орташа тәуліктік өнімділігі 3 260 тоннаға дейін астықты кептіруді қамтамасыз етеді», деді Бұланды ауданы әкімінің көмекшісі-баспасөз хатшысы Айнұр Қалиева.

Көрші аудан әкімінің көмекшісі де биыл­ғы ауыр жүріп жатқан күзгі жиын-терім науқанында шылқыған суға малынған дән дақылдарын кеп­ті­руде «АZАМ» зауыттары егіншілерге үлкен көмек болып жатқанын айтып, азам­дықтарға деген алғысын аямады. Ал біз күн ұясына қонған тұста Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйым­дас­тырған тамаша баспасөз-туры­мыз­ды тә­мам­дап, Астанаға бет алдық.

Жол-жөнекей еліміздің өнер­тап­қыш­та­ры туралы ойлап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қорғап-қолдауға міндетті» деген сөзін еске алдық.

 

Астана – Астрахан – ЖАЛТЫР – ЖуравлЕвка – Астана