Жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің жоспары бойынша ҚҚС мөлшерлемесі қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуге тиіс. Министрлік ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке 2,4 трлн теңге түсіреді, сондай-ақ көрші елдерден жеткізілетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Алайда сарапшылар қауымы бұл уәжбен келіспейтін сыңайлы.
Қосымша құн салығы мәселесін биылғы Жолдауда Президент те қозғады. «Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің айтуынша, ҚҚС-тың көтерілуі тауарлар мен инфляцияның күрт көтерілуіне әкеледі. Оған қоса салдарынан шағын бизнес ортаға, орта бизнес ірі субъектіге айнала алмай қалады.
«Учет.кз» құрылтайшысы Максим Барышевтің де ойы ұлттық палата ұстанымымен үндеседі. «Бұл шара өсуге емес, Қазақстандағы бүкіл кәсіпкерліктің құлдырауына әкеледі», дейді. Айтуынша, өзге елдердің ҚҚС мөлшерлемелері бізден төмен. Мысалы, Өзбекстанда ҚҚС мөлшерлемесі – 12 пайыз, Қытайда – 13 пайыз, Қырғызстанда – 12 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 10 пайыз, БАӘ және Канадада 5 пайызды құрайды.
«Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов бізге мөлшерлемені көтеруге түрткі болған дәйектер мен талдаулар көбірек керек деген пікірде.
«Сараптама ҚҚС не үшін көтеріліп жатқанын түсіну үшін керек. Алдын ала есептеуіміз бойынша ҚҚС мөлшерлемесін көтеру инфляцияға әкеліп қана қоймай, нақты мәнде ІЖӨ-нің өсу қарқынын жылына 1 пайызға төмендетуге әкеледі. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Бізге көбірек дәйек керек», деді «Атамекен» ҰКП басшысы Р.Баталов талқылау барысында.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірлеу кезінде ҚҚС мөлшерлемесін белгілеудің бірнеше нұсқасы, оның ішінде оны саралау қарастырылғанын атап өтті. Алайда олардың барлығы фискалдық функцияға – мемлекеттің қаржы ресурстарын қалыптастыруға жауап бермеді.
«Бірінші кезекте фискалды функция – нысаналы трансферттің орнына қосымша 2,4 трлн теңге. Оны біз қазір жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде Ұлттық қордан алып отырмыз. Енді қордан алмайтын боламыз. Мемлекеттің шығыны артып келеді. Жыл сайын біз бюджет секторына 3,5 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсаймыз. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары, ауыл шаруашылығы. Екінші мәселе, ҚҚС – кәсіпкерлердің салығы емес. Бұл сіздерге салынатын салық жүктемесі емес. Бұл – жанама салық, салық жүктемесі коэффициентінде ол жоқ. Бизнеске мүлде тиісіп жатқанымыз жоқ, бұл тұтынушы жүктемесі», деп түсіндіреді министрлік өкілі.
Спикер бұл Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымы екенін, оны Үкімет ұстанымы деп қабылдау әлі ерте екенін де ескертті.
Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағы басқармасының төрағасы Берік Зайыров егер бюджетті толтырғымыз келсе, онда шекарадан көлеңкелі тәсілмен өтіп жатқан тауарларды тауып, салықты соларға салайық деген ой айтады.
«Кәсіпкерлер құжаты бар тауарды таппай жүр, елге құны төмен немесе контрабанда арқылы көп тауар келеді. Яғни бізде қазір ҚҚС-ты қайдан алуға болатын резерв бар. Егер осы тауарлардың бәрін ашық айналымға шығаратын болсақ, бюджет толығады. Кәсібін адал жүргізетін бизнесті қинамай, заңсыз айналымдардан бастау керек деп ойлаймын. ҚҚС-ты көтеруден орта бизнес және шағын бизнестің жоғарғы сегменті зардап шегеді. Өйткені микробизнес ҚҚС төлемейді. ҚҚС-ты ірі бизнес те төлемейді. Себебі онда ҚҚС-тан босатылған банктер, сату кезінде мөлшерлемесі 0 пайыз болып бекітілген экспорттаушылар және арнайы инвестициялық келісімшарттар жасасқан ірі компаниялар бар. Президенттің өзі шағын және орта бизнеске қолдау білдірейік деп отыр. Ал біз айналып келіп дәл осы сегментке ауыр қысым жасай береміз», деді Берік Зайыров.
Сарапшы Айбар Олжайдың пікірінше, мемлекет орта мен шағын бизнес арасындағы сегрегацияны нақтылауға тырысатын сияқты.
«ҚҚС-тың қымбаттауы бір жағынан салықтың көп жиналуына, екінші жағынан сол салыққа ілінбеу туралы ойланатын кәсіпкерлердің көбеюіне алып келеді. Енді бюджет табысы мен көлеңкелі экономика арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру анағұрлым қиындай түспек», дейді.
Сарапшы Аягөз Ханетова болса, «көлеңкелі экономикаға» өтпеудің жолдары жақсы ойластырылса екен дейді:
«Себебі «Лаффер қисығы» бойынша салық мөлшерлемесін белгілі бір деңгейге дейін ғана көтеруге болады. Бұл жағдайда бюджет түсімдері ұлғаяды. Ал ол деңгейден асатын болса, салықтың артуы кері әсер беріп, көлеңкелі экономика ұлғайып кетеді. Яғни салықтың тым өсуі жаңа кәсіптің пайда болуына кері әсерін беріп, жеке бастамаларды басып тастайды, жаңа инвестицияларға құштарлықты төмендетеді. Салдарынан экономиканың даму қарқыны тежеледі. Дегенмен оңтайлы салық мөлшерлемесін табу – теориялық тұрғыдан қиын жұмыс».
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, салық мөлшерлемесінің артуы бюжетті молайтады, алайда өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосуы екіталай.
«Бәсекеге қабілеттілік – баға мен сапаның қатынасы. Кез келген тұтынушы бағасы арзан, сапасы жақсы тауар сатып алғысы келеді. Бұл жерде сапа туралы айтпаймыз. Ал егер ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға көтеретін болсақ, тауар бағасы қайтіп төмендейді? Бұл ретте «көрші елдерден импортталатын тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі» қалай артады? Қарапайым мысал: ресейлік сүт зауыты айранды 100 теңге бағасымен өндірді. Ресейдің ішінде ол кемі 118 теңге, өйткені 18 пайыз ҚҚС бар. Еліміздің сүт зауыты айранды 100 теңгемен өндіреді, сосын 112 теңгемен сатады, өйткені 12 пайыз ҚҚС бар. Ресейлік айран Ресей мен Қазақстан шекарасынан өтерде 18 пайыз ҚҚС-тан арылып, 100 теңгемен өтеді. Бірақ еліміз аумағында ол айран 112 теңгемен сатылады – шекарада 12 пайыз ҚҚС қосылады. Тура қазақстандық айран бағасымен бірдей болып шығады. ҚҚС 16 пайыз болғанда да тура осындай үдеріс жүреді, тек барлық өнім ҚҚС-тың 25 пайызға артуына орай қымбаттайды. Ал енді айтыңызшы, 116 теңгеге дейін қымбаттаған айран қалай ғана 112 теңге тұратын айранға қарағанда бәсекеге қабілетті болмақ?» дейді Төлеутай Рахымбеков.
Негізі Ресей мен еліміздегі жағдай бірдей, алайда оларда өңдеуші кәсіпорындар үшін ауылшаруашылық шикізаты біршама арзанға түседі, себебі ауылшаруашылық өнімдерінің құны өте күшті субсидияланады дейді.
«Екіншіден, ҚҚС төлемейтіндерден, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардан сатып алынған ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша айналым ҚҚС-тан түбегейлі босатылады. Айта кету керек, Ресейде де Қазақстандағыдай ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігін ҚҚС төлемеушілер өндіреді. Бізде ҚҚС 16 пайыз болған жағдайда бәрі қымбаттайды: тамақ, дәрі, жолақы, коммуналдық қызмет, киім, тұрмыстық техника. Әсіресе импорттық өнімдер. Өйткені импорттаушы шекарада ҚҚС-ты қазақстандық 16 пайыз мөлшерлемесімен төлеуге мәжбүр», дейді сарапшы.
ҚҚС – кәсіпкер мен кәсіпорынның тауарына қосылатын қосымша салық. Үкімет бұл салықты бизнеске салғанымен, бизнес оны тұтынушыларға салады. Яғни ол өзі төлеуге тиіс пайызды өнімнің ақырғы құнына қосақтап, нәтижесінде ҚҚС-ты халық төлейді. Бастамаға қарсы шығушылар осындай уәж айтып, келіспей отыр.