Есірткі саудасы желілік маркетингтің бір түріне айналып келеді. Жеңіл жолмен келетін ақшаға қызыққан жасөспірімдер көп жағдайда заңсыз есірткі саудасына араласып, тәртіп сақшыларының қолына түсіп жататын оқиғалар аз емес.
Өңірде жыл басынан тәркіленген есірткі заттарының көлемі былтырға қарағанда 3 есе көбейген. Интернетті пайдаланып, есірткіні заңсыз тарату желілерін құратын азаматтарды құрықтау бүгінде қиынның қиыны. Полицейлердің айтуынша, ұйымдастырушылары шетелде отырған соң, есірткіні жасырын түрде белгілі бір жерлерге салып кететіндердің жетекшілерін табу мүмкін емес. Бұл – «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатын» нақылдың өмірдегі шындығы.
Павлодар қалалық полиция басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұржан Байбөріновтің сөзінше, өткен жылы полицейлер 66 кг есірткі заттарын тәркілесе, биыл алғашқы 9 айда 190 кг есірткі заңсыз айналымнан алынған. «Бұлар – героин, синтетикалық есірткі және каннабистік топтағы заттар. Жыл басынан бері есірткіні интернет арқылы саудалаған 27 қылмыскерді ұстадық. Нашақорлық қазіргі күні қоғамның қасіреті болып тұр. Бұл заңсыз бизнес желілік маркетинг түріне айнала бастаған. Бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, олардың ұйымдастырушылары ТМД немесе Еуропа мемлекеттерінде отыр. Қолға түсіп жатқандар қашықтан берілген пәрменді орындаушылар ғана. Жасырын салып кететіндер негізінен 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар, арасында тіпті кәмелетке толмағандар да кездесіп жатады. Бұрын ондайлардың көбі әлеуметтік жағдайы төмен, қылмысқа бейім азаматтар болатын. Алайда бүгінде қылмыскерлердің жалпы портреті өзгеріп, араларынан ара-тұра ауқатты отбасылардан шыққан жеткіншектер де қолға түсіп жатады. Есірткі саудасына қатысы бар қылмыскерлер ең азы үш жыл бас бостандығынан айыруға кесіліп, жалпы режімдегі түзеу мекемелеріне қамалады. Қылмысы тіпті ауыр болса, қалған өмірін түрмеде өткізуге тура келеді. Интернеттің көлеңкесіне қамалған есірткі бизнесі қоғам үшін өте қауіпті құбылысқа айналып, біз айсбергтің тек ұшын ғана көріп отырмыз. Жұмысымыздың тиімсіз тұрғыда өрілуіне сауатты IT-мамандардың жоқтығы да әсер етеді», дейді ол.
Қала тұрғындары есірткі салушылардың подъездерді жиі жағалайтынына шағымданады. Тасымалдаушылар үй тұрғындарынан қорқуды да білмейтін көрінеді. Подъезд ішіндегі қуыстарға, пошта жәшіктері мен коммуникация желілерінің түйіспе қорапшаларына оралған заттарды салып, арнайы клиенттерге кіру оңай болуы үшін үй есіктеріндегі домофонға магнит жабыстырып кетеді. Былтыр Павлодарда 16 жасар бойжеткен есірткі таратып жүріп қолға түскен. Ата-анасы қызының сабақтан тыс уақытта немен айналысып жүргенін бақылаусыз қалдырып, опық жеді. Тағы бір жағдайда 18 жастағы бозбаладан бақандай 28 грамм есірткі табылды. Полицейлер мұндай көлеммен ұсталған азаматтар қылмысы үшін темір торға 15 жыл қамалатынын айтады. Негізі Павлодар облысындағы жастардың 70 пайызы қалаларда тұрады. «Жастарды саламатты өмір салты мен спортқа тарту үшін мемлекеттік мекемелерге ауқымды іс-шаралар жүргізу керек», деп санайды денсаулық сақтау саласының өкілдері.
Өңірлік наркологиялық диспансердің медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесінің меңгерушісі, нарколог Владимир Гарилев синтетикалық және дизайнерлік есірткі тұтынушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Мұндай азаматтар өздерінің тәуелділіктері туралы дәрігерлерге іс насырға шапқанша айтпайды екен. Синтетиканы қолданатын жасөспірімдер аз емес, себебі есірткінің бұл түрі қолжетімді. «Ата-аналар балаларының көзіне жиі қарап, тәртібін күнделікті бақылауда ұстауы керек», деп есептейді ол. Есірткі қабылдаған адамның көз қарашығы жарық түсірсе де әрекет етпейді. Қарашығы өте кішірейіп немесе үлкейіп кетуі мүмкін. Ал нашақорлықтың шырмауына түскендерді емханадағы психикалық денсаулық кабинетіне алып келсе болады. «Мұнда психиатр-нарколог дәрігерлер қабылдайды. Сондықтан бастапқы бетте осы орталыққа барған абзал», деген ақылын айтты маман.
«Егер адам ем-домды қажет етсе, ол жерде медициналық тексеруден өтеді де әрі қарай стационарға бағытталады. Стационарлық емдеу ерікті немесе мәжбүрлі болуы мүмкін. Адамдар ерікті түрде келгенде олар емдеудің үш кезеңінен өтеді. Алғашқысы – дәрі-дәрмектік коррекция және уытсыздандыру. Нашақорлықтың соматикалық салдары барын ескере отырып, бұл кезеңде емделушіні арнайы дәрігерлер тексереді. Соған орай ем тағайындалады әрі науқас адаммен психологтер жұмыс істейді. Екі-үш аптадан соң ол екінші кезеңге – психологиялық терапияға және оңалтуға жіберіледі. Оның бұл жердегі мақсаты – бойындағы биологиялық және әлеуметтік бейімделу машықтарын қалпына келтіру. Бұл кезең ұзаққа, екі-үш айға созылуы ғажап емес. Облыс орталығында республикалық ғылыми-практикалық орталықтың бөлімшесі – әлеуметтік оңалту бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Екі кезеңнен қалыпты өткен емделушілер аталған бөлімшеге орналасып, игерген машықтарын әрі қарай орнықтырады. Яғни ол жерде тұрмыстық шаруашылықпен айналысып, үй жағдайындағыдай тұрады. Бұл – соңғы кезең. Осылайша, біз бұрынғы нашақорды қалыпты өмірге бейімдейміз», дейді дәрігер.
Нашақорлықтан айықтырудың жалпы курсы 12 айға дейін созылады екен. Стационардан соң емделуші өзінің емханасында қаралып, әрі қарай емін жалғастыра береді. Дәрігерлер психоактивті заттарды қабылдаудың әсері физикалық қана емес, психикалық денсаулық үшін де өте қауіпті екенін ескертеді.
Павлодар облысы