Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы «Шелл» концернінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде компанияның әлеуметтік жауапкершілігіне арнайы тоқталып, өз жобаларында жұмысқа жергілікті кадрларды тартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның әлеуметтік жауапкершілігіне арнайы тоқталды «Шелл» өз жобаларында жұмысқа жергілікті кадрларды тартуға айрықша мән береді. Бүгінде Қарашығанақ және Қашаған жобаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің 95 пайыздан астамы – Қазақстан азаматтары. Сондай-ақ аталған концерн «Күн энергиясы – мектептерге», «Шелл эко-марафоны» және басқа да жобаларды жүзеге асыра отырып, экологиялық мәселелерді шешуге жастарды белсенді тартады. Президент өзінің жуырдағы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударғанын еске салды. Оның пікірінше, «Шелл» бұл мәселені шешуге әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы жас кәсіпкерлер мен әйелдерді қолдау бағдарламалары арқылы елеулі үлес қосады. Компания оларға бинес ашу үшін кеңес беру қызметтері мен бастапқы капиталды ұсынады. Мемлекет басшысы концерннің осы бағыттағы қызметін кеңейту үшін мол әлеует бар екенін атап өтті», делінген ақпаратта.
«Отандық кәсіпкерлермен кездесуде жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн кеңселерін Қазақстанға көшіруге жәрдемдесуді тапсырдым. Жергілікті өнім үлесін арттыру үшін өндірушілерімізге ірі мұнай-газ жобаларын іске асыруға жол ашу маңызды. «Шелл» концернінің белсенді және конструктивті ұстанымы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қосып, компанияның имиджін одан әрі жақсартатынына сенімдімін», деді Президент.
Қ.Тоқаев тәуелсіз Қазақстанның энергетика саласын өркендету жолында «Шелл» концерні стратегиялық серіктестің бірі екенін, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқанын баса айтты.