• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жастар 03 Қазан, 2023

Алты тілді меңгерген

298 рет
көрсетілді

Облыс орталы­ғын­да қа­зақ, орыс және ағыл­шын тілдерін жетік мең­гер­ген жас­тар арасында «Тіл шебері» облыстық бай­қауы өткізілген болатын. Байқауға үш тілді жетік мең­герген 21-35 жас аралығындағы 13 үміт­кер қатысты. Олар­дың барлығы дерлік үш тілді еркін меңгерген бесас­пап­тар екені бір­ден бай­қалып тұр­ды.

Тартысты өткен байқау барысында Көкшетау қа­ла­сындағы №1 мектеп-гим­назиясының мұғалімі Нилуфар Амирасланова бірінші орынға ие болды. Қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, кең-байтақ қазақ даласының аймақтары туралы сауалдар қойылған болатын. Келесі кезеңде үміткерлер қазақ тіліндегі мәтінді орыс және ағылшын тілдеріне аударды. Қазақ тілін насихаттайтын, өздері дайындаған бейнебаяндарын көрермен назарына ұсынды. Дәл осы тұста Нилуфар Алмасханқызының оралымды ой-пікірлері діттеген жерден шықты.

– Байқау өте тартысты өтті. Барлық қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Осындай байқаулардың тілді меңгерген жастарға пайдасы зор, өйткені олардың бәсекеге қабілет­ті­лігі арта түседі, – деген болатын қазы­лар алқасының төрағасы Қасиет Мәлғаждаров.

Біз әзербайжан аруымен тілдес­кен­де көкірегінде жүрген пікірін кө­ңілге қонымды етіп жеткізген.

– «Тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы» деп бекер айтылмаса керек, – дейді Нилуфар Алмасханқызы. – Мен қазақ, орыс, ағылшын, әзербайжан тілдерін жақсы білемін. Мектепте ағылшын тілінен сабақ берсем де, балаларға мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ тілінде көбірек сөйлеуге тыры­сыңдар деп айтудан жалыққан емеспін. Сайып келгенде мемлекеттік тіл – барлық азаматты топтас­тыратын, жар­қын болашаққа жол са­латын, іргелі істерге ұйытқы болатын, ең бастысы, шынайы достықтың қарымды құ­ралы. Еліміздің әрбір азаматы мем­ле­кеттік тілді білуге және қазақ тілінде сөйлеуге тиіс.

Тіл туралы толғанғанда жас мұғалім өзінің арнайы жоба дайындағанын да тілге тиек етеді. Оның ойынша жергілікті ұлт тілін жетік меңгеру үшін ең алдымен бір-бірімен жатырқамай, қысылмай сөйлесетін тілдік орта болуы керек. Тілдік ортаның өз мақсаты, аудиториясы болған жөн. Мәселен, мектеп оқушылары, студенттер, өзге де сала қызметкерлері. Елімізде ағылшын тілі орталықтары жақсы жұмыс істейді. Ендеше, неге өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт тілін үйренетін осындай орталықтар болмауы керек. Нилуфар Алмасханқызының пікірінше мұндай орталықтарды ұйымдастыруға әбден болады. Ең бастысы, қатысушылардың көңілін баурайтын қызғылықты тілдік кеңістік қажет. Әрі ол жаңа қоз­ға­лыс бағытында дамығаны жөн. Біріншіден, оқушылардың мақсатты тобын ұйымдастырса, олар ертеңгі студенттер, әйтпесе, еліміздің болашағы.

Өз басы 23 жасында болашағы зор оқытушы ретінде танылған. Облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназияда ағылшын тілінде сабақ беретін айтулы ұстаздардың санатында. Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университетті қызыл дипломмен бітіргеннен кейін магистр дипломын сәтті қорғаған.

– Халықаралық конференцияларға қатыса жүріп, ағылшын тіліндегі пікірсайыс технологияларын жете зерттедім. Сол сәтте мемлекеттік тілді үйретудің жаңа форматы туралы ойға берілетін болдым. Білім ошағында қазақ тіліндегі пікірталастарды өткі­зіп, сынап көрдім. Бұл тәжірибем жақ­сы нәтиже берді деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, осы бағыттағы кейбір білім беру бағдарламалары күткендегідей нәтиже бермей жатады. Демек, оқыту форматын өзгерту қажет. Ол ешқашан оқушылардың көңілі соқпайтын, жадағай сабаққа айналмауы керек. Егер олай жасасақ, оқушылардың ынтасы кеміп, ықыласы төмендейді. Одан соң бұл тарапқа икемдеу де қиын, – дейді біздің кейіп­керіміз.

Өз өмірі жайлы сыр шерткенде әзербайжан аруы тарихи Отанында дүниеге келгендігін ұқтық. Жөргектегі сәби кезінде отбасымен Көкшетауға көшіп келген. Облыс орталығындағы №8 мектепті алтын белгімен аяқтаған. Қаршадай қыз алты тілді еркін мең­геріпті.

– Мектепте оқып жүргенімде жергі­лікті ұлт тілі жаныма соншалықты жақын болатын, – дейді ол. Мектеп директоры Айгүл Нөгертаева менің тілге деген талабымды байқап, қамқорлығына алды. Шынын айтқанда Айгүл Бексұлтанқызы маған шабыт бер­ген, қа­зақ тіліне деген ыстық ықыласымды лаулатқан. Бағыма орай мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімдері шын мәніндегі ұлағатты ұстаздар болды. Мәселен, Гүлнар Қаңтарбаева, Тұрсынгүл Дәулетқалиқызы мен үшін тіл білі­мін тереңдей оқытатын мамандар.

Мектепте оқып жүрген кезінде мем­ле­кеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында өтетін бай­қау­ларға үзбей қатысып, әлденеше рет жүлделі орындарға ие болған. Оныншы сыныпта оқып жүргенінде қалалық олимпиаданың жеңімпазы атанған. Сол жылы облыстық байқауда 2-орын иеленген. Республикалық олимпиадаға отбасылық жағдайларға байланысты жолы түспеген.

«Бара алмай қалғаныма мектеп директоры Айгүл Нөгертаева апайым қатты ренжігені есімде. Екеуіміз де қатты үміттеніп едік», – дейді тіл білгірі. 

Университетте де әзербайжан аруы қазақ тілін тереңдетіп оқуды жалғас­тырған. Еркін меңгерген соң өзі де өзге ұлт өкілдерін оқытумен айналысқан. Айтуына қарағанда, қазақ тілі арқылы ағылшын тілін меңгеруі мейлінше оңайға соққан.

Кейіпкеріміздің пікірінше, тұтас ұлттың мәдени бірегейлігін көрсететін айрықша мәнді тұжырымдар, оралымдар бар. Егер өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жетік меңгергісі келсе, ал­ды­мен оның құрылымын, грамматикасын, лексикасын зерделеуі керек. Жалаң тілді ғана меңгеру жетімсіз. Руха­ни қазынасы мол қазақ халқының ға­жайып мәдениетімен тонның ішкі бауын­­дай танысса ғана ұшпаққа шық­пақ. Сол сәтте кез келген адам қазақ тілін үйрене алады.

– Мен мемлекеттік тілді меңгеру міндет деп есептеймін. Өйткені біз қонақжай, адамдары соншалықты мейірімді Қазақстанда тұрамыз ғой. Болашақта өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт тілін жетік меңгеретініне сенім­дімін, – Нилуфар Алмасханқызы.  Маған кейде жалаулы жасыл дүние үндестігі Сарыарқаның самалындай есетін майда қоңыр дауыспен өз жаныма соншалықты жақын қазақ тілінде ән салып тұрғандай болып көрінеді.

Осы бір сөздерден кейін менің де толқып кеткенім. Тіл ұшына «ақы­лыңнан айналайын, әзербайжан аруы!» деген сөз орала берді.

 

Көкшетау