• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Қазан, 2023

Қоғамдық тамақтану нарығындағы өзгерістер

323 рет
көрсетілді

«The Business Research Company» деректері бойынша 2022 жылы қоғамдық тамақтандырудың әлемдік нарығының көлемі 2 855 млрд доллар болды. Егер оның орташа жылдық өсу қарқыны 5,8%-ды құрайтын болса, 2027 жылға қарай 3 790 млрд долларға жетеді деп күтіліп отыр. Айта кетейік, жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар фастфуд мейрамханаларды, пиццерияларды, кофеханаларды, фуд-тректерді, фуд-корттарды және өзіне-өзі қызмет көрсету дүкендерін қамтиды. Олар келушілерге жылдам, сапалы қызмет көрсетуге маманданады және тағамды сол жерде отырып ішіп-жеуге немесе алып кетуге болады.

Әлемнің көптеген елінде та­мақ­танудың бұл түрі танымал және қоғамдық тамақтандыру нары­ғындағы үлесі жоғары. Англияның денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің деректеріне сәйкес мейрамханаларға бару және дайын тағамды алып кету, жеткізу – бүгінде ең кеңінен тараған тәжірибе. 2021 жылы жүргізілген сауалнамаға сүйенер болсақ, адам­дардың 96%-ы үйде емес, сыртта тамақтанғанды ұнатады. Олардың 43%-ы дайын тағамды үйге алып келуге аптасына бір немесе екі рет қана тапсырыс береді. Өткен жылдармен салыстыру да оң үрдістің бар екендігін көрсетеді. «Nesta» инно­вациялық қайырымдылық ұйымы дайындаған деректерге сәйкес «Food Tech» қызметіне жасалған венчурлық инвестицияның көлемі соңғы 10 жылда 40 есе өсіп, 2021 жылы 26,9 млрд долларға жетті.

«Jusan Analytics» зерттеуіне сүйен­сек, қазір Алматыдағы қоғам­дық тамақтандыру нарығы 735 млрд теңге болса, Астанадағы нарық 263 млрд теңгеге бағаланады. Алматыда мейрамханалардың 62%-ы – бір жылға дейін, 30%-ы – алғашқы үш жылға дейін және тек 17%-ы ғана бес жылға дейін жұмыс істейді екен. Астанада барлық мейрамханалардың 67%-ы бір жылға дейін ғана өмір сүрсе, 37%-ы – алғашқы үш жылға дейін және тек 19%-ы ғана бес жылға дейін өмір сүреді. Мейрамханалар ғұмырының ұзаққа созылмауының негізгі себептері – жоғары бәсеке­лестік және бизнесті тиімді бас­қармау.

Мамандардың есептеуінше, елордада орташа чек көлемі 5 000-8 000 теңге аралығында болса, бұл көрсеткіш Алматыда 5 000-9 000 теңге шамасында.

«Жұмыс күндері Алматы мен Астана мейрамханаларында орташа чек шамамен бір деңгейде қалады. Алайда демалыс күндері орташа чек Алматыда 37%-ға, ал Астанада 50%-ға көтеріледі. Өйткені адамдар бұл күндері кең, ауқымды шаралар өткізеді. Олардың мейрамханаларға баруға мүмкіндігі де, уақыты да болады. Мейрамханаларда транзакция жиі жүргізілетін уақыт көбінесе мейрамхананың түрі мен орналасу орнына тікелей байланысты. Алайда әдетте транзакциялар көп жағдайда кешке, шамамен 19.00-ден 23.00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар мейрамханаларда түскі ас мезгілінде 13.00-ден 16.00-ге дейінгі уақыт аралығында төлем белсенділігі жоға­ры болып тұрады. Бұл әсіресе бизнес орталықтардың аумағында орын алады», делінген зерттеуде.