Ханчжоудағы (Қытай) ХІХ жазғы Азия ойындарында 4 қазан күні 33 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
57 келіге дейінгі салмақта ½ финалда Қазақстан боксшысы Карина Ибрагимова тәжікстандық Мижгона Самадовамен рингке шығады, ал 66 келіге дейінгі салмақ бойынша Наталья Богданова тай боксшысы Суваннафенг Джанджаймен жұдырықтасады.
Аралас командалар арасындағы ширек финалда Қазақстан садақшылары Адель Жексенбинова мен Андрей Тютюн сайысқа шығады. Олар Таиланд спортшыларымен жартылай финалға шығу үшін текетіреседі.
Қазақстан велошабандоздары Рината Сұлтанова мен Махаббат Үмітжанова тасжолдағы велоспорттан финалдық жарысқа қатысады.
Бүгін басталатын грек-рим күресінен төрт медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ел намысын Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Мақсат Сайлау (87 келі), Айдос Сұлтанғали (60 келі), Азат Садықов (77 келі) қорғайды.
Командалық спорт түрлері бойынша су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Сингапур командасымен, ал волейболдан Қазақстан қыздар құрамасы таиландтық қарсыластарымен кездеседі.
4 қазан күнгі таңертеңгі көрсеткіш бойынша медальдық есепте Қазақстан 13-ші орында тұр.
Азия ойындарын спорт жанкүйерлері Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.