• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Қазан, 2023

Тазылар тартысы

209 рет
көрсетілді

Бұландының бұлт жамылған аспанының астында өткен «Қазақ қазысы – ұлт құндылығы» атты жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам тазы қатысты.

Соңғы жылдары халқы­мызбен сан ғасырдан бері бір­ге жасасып келе жатқан жеті қазынаның бірі – ұшқыр тазыға жанашырлық жасала бастады. Кешегі кеңес за­ма­нында тұқымы тұздай құ­рып кете жаздаған тазының тағ­дырдың тәлкегінен аман қалғанын үкідей үлпілдетіп, ат басындай алтынға балап, санын көбейтуге бет бұрылған. Санын ғана емес, сапасын да. Ілкі заманда қара жерде үш-төрт қоян қаққан тазы орташа ғана жүйрік деп бағаланса керек. Аңға шыққанда бес-алты қоянды қыр асырмағаны шын жүйрік деп танылған.

Сапасын анықтау да осындай сынақтан тұрса керек. Бұландыда өткен жарысқа Астана, Қарағанды төңірегі­нен жүзге жуық тазының жи­налуы елдің ықыласын, өт­кен­нің қайта жаңғыруын, жо­ғал­ғанның табылғандығын аң­ғартады. Іріктеуден кейін 23 тазы жеке топталды. Желмен жарысқан тазылардың жақтан ұшқан жалғыз жебедей зулаған ұшқырлығын көрудің өзі бір қызық. Қаның қызып, делебең қозады. Бұл күні жиналған жұрт­тың аузында Кербез ат­ты тазы жүрді. Итім-ақ екен. Бі­рінші орын алған Кербез­дің иесі жаңарқалық Айзат Тоқа­баев, өңшең жүйрікті шаң қаптырды. Құдды жұлдыздай ағады. Екінші орынға Арлан атты тазы ие болды. Иесі қара­ғандылық Жұмажан Жан­се­рік. Үшінші орынға астана­лық Бақболат Ершіннің Тұй­ғыны жайғасты. Сөз арасында Ар­ланның көпшіліктің көз­айы­мына айналған Кер­бездің кү­шігі екендігін айта кетсек ар­тық­тығы болмас.

Жарыс бары­сын­да жалғыз тазының ғана емес, оны бап­таған жігіт­тер­дің ұлттық киім үлгісі де сарап­қа салынды. Бұл орайда жаңар­қалық жігіттердің мерейі үстем болды. Арнайы сый­лық Елдос Кәрімқожаға бұ­йырды. Айтпақшы, жарыс­ты Бұландының Жайнарбек Заңдыбай бастаған ұлт қазы­на­сын ұлықтаған жігіттер ұйым­­­дастырғанын айта кеткен жөн. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы