• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экспорт 04 Қазан, 2023

Экспорттық әлеует қалай артады?

814 рет
көрсетілді

Қазақстанды азық-түлік хабына айналдыру, өзге елдерге экспортталатын өнімдер көлемін ұлғайту мәселесі қозғалып отыр. Осы орайда экспорттық әлеует­ті арт­тыру үшін қандай бағыт таңдалады? Бұл мәселе Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың атыраулық кәсіпкерлермен кездесуінде талқыланды.

Министрдің мәліметінше, Қазақстан­ның сыртқы сауда айналымында өсім бар. Биыл алты айдағы көрсеткіш 67,2 млрд долларды құрап, өткен жылғыдан 4,3%-ға артқан. Ал шикізаттық емес нарық­тағы тауа­р айналымы қаңтар-мау­сымда 22%-ға өсіп, 39,4 млрд долларға жет­кен. Бұл бағыттағы экспорттың үлесі соңғы 12 жылда 1 млрд долларды құрап отыр. Алдын ала дерекке сәйкес биыл алты айда 2 млрд доллардың экспорттық қыз­меті көрсетілген.

«Биыл алты айда өзге елдермен сауда-саттық 53 млрд долларды құрады. Біз­дің алға қойған мақсатымыз – еліміздің сауда-экономикалық байланыс орнатқан әріптестерімен арадағы тауар айналымын арттыру. Әсіресе Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай және Еуроодақ елдерімен сауданы арттыра түсуді көздеп отырмыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырманы іске асыру мақсатында бірқатар тәсілді әзірледік. Оның ішінде Қазақстан тауарларын Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарығына, Үнді мұхиты мен Парсы елінің порттарына жеткізу үшін сауда-экономикалық бағытты әр­тараптандыру қолға алынды. Бұған қоса елімізде шығарылған тауарларды Еуроодақ, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына экспорттау мәселесі де бар. Сарап­шылардың болжамына сәйкес алда­ғы 10 жылда әлемдік сауданың басым бөлігі Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия нарығына бағытталмақ. Әрине, Орта Азия, Әзербайжан, Иран елдеріне экспортты ұлғайту бағытындағы жұмыс жалғасын табады», дейді А.Шаққалиев.

Оның пікіріне сүйенсек, қазір Түрік­менстан арқылы Ауғанстанға астық пен ұн экспортын ұлғайту көзделіп отыр. Ал Пәкістанмен жаңа логистикалық қа­рым-қатынас жасау бағдары әзірленген. Жоспарланған іс нәтижесін берсе, 2027 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 46,5 млрд долларға жетуі мүмкін. Сол себептен сау­да-логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту үшін 5 шекарааралық хаб құру жос­парланған. Мұндай хаб не үшін қажет?

Біріншіден, бұл бірыңғай сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға жол ашады. Екіншіден, халықаралық деңгейде байланыс орнатуға серпін береді. Үшіншіден, әріптестік орнаған елдермен стратегиялық қарым-қатынастарды одан әрі нығайта түсуге ықпал етеді. Міне, осындай мақсат іске асатын болса, тауар айналымы шамамен 30%-ға өсетіні даусыз.

«Біз өнім экспорттаушыларға қар­жылай және қаржылай емес қолдау шараларын ұсынуды жалғастырып отырмыз. Мәселен, биыл 8 айда 500 млн дол­лардан аса соманың экспорт­тық келісімшарттары жасалды. Экспорттау­шыларды қолдаудың негізгі шараларын «Бір терезе» қағидаты бойынша орталықтандыру үшін «Экспорттық-кре­диттік агенттік туралы» заңды қабыл­дау жос­пары бар. Қазір заң жобасы Парламент Мә­жілісінің қарауына берілді», деп мәлім А.Шаққалиев.

Қазақстанда өндірілген, не шығарылған өнімдерді алыс-жақын елдер нарығына экспорттаушылар өңірлерде де бар. Сау­да және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, Атырау облысында экспортқа шығарылатын өнімдер ауқымын, сапасы мен тұрақтылығын қам­тамасыз етуге қабілетті кәсіпорындар аз емес. Бұл өңірден балық және өзге де өнімдер экспортқа шығарылады.

Мәселен, «Дәулет» жеке индустриялық аймағында бірнеше өнім шығару қолға алынған. Қазір мұнда нан-тоқаш, макарон өнімдерін шығаратын, ауыз су дайындайтын цехтар жұмыс істеп тұр. Ет комбинаты, диірмен тігін цехы және бар. «Карат» ЖШС-ның басшысы Рашид Отаровтың айтуынша, түр­лі өнім шығаратын кәсіпорындар ита­лиялық технологияның заманауи ав­то­­мат­тандырылған желілерімен жаб­дық­талған.

«Біз өңірдің сұранысын толық қамта­масыз ете аламыз. Мәселен, біздің диір­­менде тәулігіне 150 тонна ұн шы­ға­рылады. Тәуліктік қуаты 30 тоннаны құрайтын зауытта нан-тоқаш өнімдерінің 150-ден аса түрі пісіріледі. Макарон це­хында сағат сайын орта есеппен он түрлі 2 000 тонна өнім шығарылып отыр. Дайын өнімдерді басқа өңірлерге, тіпті экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Ресеймен байланыс орнатып, алты айдан бері өнімдерімізді экспорттап келеміз. Біздің ендігі мақсатымыз – Пәкістан, Иран нарығына азық-түлік жет­кізуді жолға қою», дейді Р.Ота­ров.

Ал «Атырау Агрофеликс» ЖШС кө-к­өн­іс қоймасын ашқан. Ауыл шаруашы­лығы өнімдерін сақтау үшін жаңа технологиялар қолданылады. Көкөніс қоймасында 8 мың тонна өнім сақталады. Мұнда көкөністерді консервілеу цехы жұмыс істейді.

«Біздің шаруашылыққа тұрақтандыру қорының операторы міндеті жүктеліп отыр. Сол себептен Атырау қаласының тұр­ғындары ауыл шаруашылығы тауарла­рымен қамтамасыз етеміз. Тауарлар ба­ғасы көңілге қонымды әрі тұрақты сұра­ныс та бар. Әсіресе көкөніс пен салатты өт­кізу мә­селесінде қиындық туындаған жоқ», дей­ді серіктестік директоры Феликс Юн.

Алайда жергілікті кәсіпкерлер кез­дес­тіріп отырған қиындықтар бар. Мә­селен, кәсіпкердің бірі көтерме-сауда ком­пания­лары үшін шекті бағаларды белгілеу мәселесін қозғады. Өйткені мұндай компаниялар кейде тауарларды белгіленген шектеу бағасынан қымбатқа ұсынады. Сол себептен тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерге ғана емес, сауда компанияларына тұрақты мониторинг жүргізу қажет.

Министр Арман Шаққалиевтың пі­кірінше, шекті бағаларды белгілеу бөл­шек және көтерме саудамен тауар сатушылар үшін қарастырылған. Осыған орай бірнеше мақсат көзделген. Әсіресе әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының тапшылығын тудырмау, отан­дық бизнес пен тұрғындар мүддесінің теңгерімін сақтау үшін әзірленген.

«Көтерме саудамен айналысатын компаниялар мен дүкендер үшін заңнамалық тұрғыдан бірыңғай талаптар белгіленген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағасын белгілеудің арнайы ережесі бар. Есеп айырысу түрлері анықталған», деп түсіндірді министр.

Тағы бір кәсіпкер тауар үшін төлен­ген ақшаны қайтарудан бас тартатын интернет-дүкендер мәселесіне алаңдау­шылық білдірді. Мұндай жағдайда не істеу қажет?

«Интернет-дүкеннің иесі қай елдің резиденті екеніне қарамастан, Қазақ­стан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, атап айтқанда, тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау туралы заңды басшылыққа алуға міндетті. Тауар­ларды тиiстi және тиiстi сапада қайтару мерзiмдерiн бұзғаны үшiн қолданылып жүрген заңдарда әкiмшiлiк жауапкершiлiк көзделген. Тұтынушының құқығы бұ­зылған жағдайда, біздің министрліктің құрылымдық бөлімшесіне, жергілікті тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады», деді А.Шақ­қалиев.

 

Атырау облысы