Қарттар күні қарсаңында тәртіп сақшылары ведомство ардагерлеріне барып, мерекемен құттықтауды әдетке айналдырған. Соның ішінде полицияда 30 жылдан аса қызмет еткен ардагерді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдиновтың өзі барып құттықтады. Ермек Талғарбаев ағамыз Жамбыл облысының тумасы. Еңбек жолын 1972 жылы бастаған. Қызметтің басым бөлігін Шу стансасында өткеріп, есірткіге ымырасыз күрес ашқан құқық қорғаушылардың бел ортасында жүрді. Негізгі қызметі милицияның балалар бөлмесінде, қылмыстық іздестіру бөлімдерінде жалғасып, кейіннен басшылық қызметтерге дейін өсті.
1992 жылы ол қызмет бабымен Солтүстік Қазақстан облысына ауыстырылады. Облыстық ішкі істер басқармасының кадр жұмысы желісіне жетекшілік етті. Биыл Ермек Викторханович 73 жасқа толады. Органдағы барлық жұмыс өтілі – 31,5 жыл. Ол СҚО ПД және Ұлттық ұланның Ардагерлері кеңесі өткізетін іс-шараларға белсенді қатысып тұрады.
Солтүстікқазақстандық полицияның бастығы ардагерді мерекемен құттықтап, жас қызметкерлер арасында мол тәжірибесімен бөлісуін жалғастыруды тіледі. Сондай-ақ әкесінің жолын қуып, қалалық полиция басқармасында тергеу бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген баласы Маратты тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.
Мереке қарсаңында облыс полицейлері барлығы 100-ден аса зейнеткерге барып, құттықтап шықты. Соның ішінде облыс орталығында полиция бөліністерінің бастықтары мен жеке құрамы Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, қарт әріптестерінің мекенжайларына барды. Ауылды жерлерде зейнеткерлер аудандық бөліністерге шақырылып, жастармен кездесулер өткізді. Полиция ардагерлерінің кеңесі әріптес зейнеткерлеріне көмек көрсету мақсатында 1,5 миллион теңге қаражат бөлді.
«Бұдан бөлек, ардагерлер арасында Қарттар күніне орайластырып өткізілетін концертке билеттер үлестірдік», дейді облыстық ПД және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов. «Полиция ардагерлері әрдайым біздің және қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің назарында. Материалдық, медициналық көмек көрсетеміз, мерейтой иелерін құттықтаймыз. Ауылды жерлерде ардагерлерге отынмен, жемшөппен көмектесеміз. Ведомство зейнеткерлеріне қамқорлықпен қарау – Қазақстан полициясының маңызды қағидаттарының бірі», деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысы