Қалам ұстаған қауым мен қалың оқырманды қуантқан жаңалық белгілі ақын-жазушы, драматург, қаламы қарымды журналист Төлеген Қажыбайдың жеті томдығының жарық көруі болып отыр.
Оқырманға олжа салған қаламгердің артында қалған еңбегі сараланып, жеті томдық жинақ етіп шығарғаннан кейін облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында тұсаукесері өткізілді. Алғашқы томында өлеңдері мен балладалары, екінші томында жыр-дастандары мен поэмалары топтастырылыпты. Әңгімелері мен хикаяттары, повестері бір бөлек. Романдары жеке берілген. Аудармалары мен драмалары да жіктелген. Публицистикалық ой-толғамдары өз алдына бір бөлек. Жетінші томы «Толғауы тоқсан Төлеген» атты ортақ тақырыппен құрастырылған. Онда сыр-сұхбаттар, естелік мақалалар бар.
Тұсаукесерді облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ашып, қаламгердің мәйегі мол шығармашылығына тоқталды. Азаматтық бітім-болмысы да қамтылды. Сөз дәмін білетін көпшілік қаламгердің ұлы Аян Қажыбай сөйлегенде сілтідей тынды. Төкеңнің талантты перзенті бүгінде айтулы әдебиет зерттеушісі, ғалым. Нәрлі де әрлі сөз әкеге деген перзенттік құрметті, сарытап болған сағынышты аңғартып тұрды. Сөз соңын түйіндей келе, жанарына жас үйірілуі көпшіліктің жүрегін елжіретіп жіберді.
Көкшеде бұрын-соңды мұндай көптомдық дүние шыға қойған жоқ. Тұңғыш шара тұшымды өтті. Халық сөз сыйлай біледі екен. Сиқырлы сөзді қалам ұшымен жалпақ жұрттың рухани мұрасына айналдырған жампоздың да аруағын сыйлауы талантқа деген алғаусыз құрмет.
КӨКШЕТАУ