• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2023

Орталықтың жұмысымен танысты

161 рет
көрсетілді

Қыр астында қылышын сүйретіп қыс келе жатқандықтан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шаһарға жылу мен электр қуатын беріп тұратын бірден-бір көз – атышулы ЖЭО-2-нің жұмысымен танысты.

Былтырғы 20 наурызда 150 метрлік түтін мұржасы опырылып тү­сіп, кісі өліміне себепші бол­ған осы ЖЭО-2-де тамыз айынан бері құ­рылыс жұ­мыс­тары қызу қарқын алған еді. Бірақ «жығылғанға – жұ­ды­рық» демекші, құлаған мұр­жа­ны өру кезінде 23-ші метрінен бас­тап қисық қаланып бара жатқаны анық­­талып, қайта бұзылды. Енді соны қай­тадан өрмекші...

ЖЭО-2-нің жоғарыдан қарайтын ұйымы – толық жекеменшіктегі «Сев­каз­энерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановский облыс әкіміне қазіргі жағдай туралы мәлімет берді. Барлық жөндеу жұмыстарына акционер 12 млрд теңге бөлгенін, оның толық игеріліп, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталатынын айтты. «Биыл жос­пар­дан тыс техникалық зерттеулер жүр­гізілді. Оның қорытындысы бойынша ешқандай проблема анықталған жоқ. №3-ші мұржаға да жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бәрі де жылыту маусымына дайын. Жылыту маусымы басталатын 1 қазаннан бастап қажет етілетін 5 қазандық-агрегаттың орнына 10 қа­зан­дық-агрегатпен іске кіріскелі отырмыз», деді ол.

Ғауез Торсанұлы барлық қыз­меттерді инженерлік жүйелер арқы­лы қатаң ба­қылауда ұстауды, облыстың ТКҚ, энер­гетика қызметтеріне қандай жағ­дайда да жеткізіп отыру керектігін айтты. «Бар­лық сараптарды басқа мамандардың тал­қылауына ұсынып, олармен ақыл­дасып отыруды да ұмытпаңыз», деді әкім. Сонымен қатар ол мамандарды тұрақтандыру үшін кәсіпорынның өзі әлеуметтік пакетті арттыруы керектігін айтты. «Акционерлік қоғамға қарайтын үш ірі кәсіпорында бүгінгі күні 500 кадр жетіспейді екен. Мұны ретке келтірмесеңіздер кәсіпорындардың жұ­­мы­­сында жақсы нәтиже бола ма? Сон­­дықтан мамандарды қолдаудың әлеу­­меттік шараларын күн тәртібінен түсірмеу керек», деді әкім.

Сонымен бірге облыс әкімі жылу жүйесін өткізетін жаңа магистральдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда 1,9 шақырымға трасса тартылған. «Бұл трасса құрылысының сапасын болашақта пайдалануға алатын кәсіпорынның өзі бақылап отырғаны дұрыс екен», деді әкім.

 

Солтүстік Қазақстан облысы