• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

604 рет
көрсетілді

Еліміздің іргесінің берік бо­­­лу­ында оған алғашқы кезекте себепкер болатын, әрине, оның айбынды армиясы. Ал ондағы жауынгерлердің Отан үшін кірпік қақпай қызмет етіп жатқандарынан, шыны керек, көп­ші­лігіміз бейхабармыз. Бұл қалам ұстаған қауымға да қатысты. Әскери өмірдің тыныс-тіршілігін бұқараға өзіндік жаңа жаңалықтарымен та­ныс­тыруда еліміз Қорғаныс ми­нистрлігі арнайы іс-шара ұйымдас­тырды. Бұл жолғы сапар Қарағанды облысының Спасск кенті болды. Спасскіге бармас бұрын Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін Қарағанды қала­сын­дағы “Астана” өңірлік қолбас­шы­лығының бас штабына алып келді. Мұнда журналистерге генерал-майор Мүсілім Алтынбаев баспасөз бри­фингін өткізді. Өңір қолбасшысы­­­­ның әңгімесінде әскери оқу-жаттығу жи­ындары және Елбасы тапсыр­ма­сының орындалу барысы сөз болды. Осыдан соң әріптестер штаб мұ­ражайын тамашалап, “Жауынгерлер бауырластығы” әскери-патриоттық ансамблінің отансүйгіштік сезімдерге толы әндерін тыңдады. Әскери өмірдің қыр-сырын көз­бен көріп әсер алулары үшін Спасс­кідегі оқу-жаттығу алаңында жур­на­листер танкист те, нысана көздейтін мерген де болып көрді. Осы сында көзге түскен әріптестерге генерал ал­ғыс хаттарды табыс етті. Бұл тұрғыда сол жердегі сардарлар мен сарбаз­дардың еңбектерін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Қарағанды облысындағы Спасск кентінде жалауын көтерген Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштері кіші мамандар мен резервтегі кадр­ларды дайындау оқу орталығының ашылуы ел Қарулы Күштері Жоғар­ғы Бас қолбасшысының қойған тап­сыр­масын орындау барысындағы жа­салған нақты қадамдардың бірі деу керек. Әрі бұл шара әскерге мін­детті азаматтарды жаңаша дайындау және жинақтау көрінісі болып табылады. – Оқу орталығының ашылу сал­танатында мұн­дай жиындар Қа­ру­лы Күштер та­рихында тұңғыш рет өткізіліп отыр, – деп атап өтті Қор­ғаныс минис­трі Әділбек Жақ­сы­беков. – Бұл – ел армиясының да­му тарихындағы жаңа кезең. Үс­ті­міздегі жы­лы жа­лау­ын кө­терген әскери жиын қа­зақ­стан­дық пат­риотизмге тәр­бие­лейтін, са­ла­матты өмір сал­тын құ­ру­ға ықпал ететін ер­лік мек­тебі болмақ. Үкімет шеші­мімен үстіміздегі жы­лы – 1200, ал келер жылдары 2000 әс­керге міндетті азамат 9 оқу ор­талығы мен әскери бөлімдерде 34 мамандық бойынша мотоатқыштар мен арнайы әскерлер, авиация, бай­ланыс сияқты дайын­дық жиынынан өтпекші. Бұл жи­ын­ға Қазақстанның барлық облыс­та­рындағы еріктілер тартылуда. Атап өтерлігі, мұнда жүр­ген­де олардың жұмыс орны мен қыз­мет лауазымы сақталады. Бұл жі­гіттерге орташа еңбекақы Қорғаныс министрлігі бюджеті есебінен төленетін болады. – Оқу барысында өздерінің жеке кәсіби дайындығы бойынша жоғары нәтиже көрсеткендерге және келі­сім­-шарт бойынша әскерде қалуға ниет білдіргендерге белгіленген тәр­тіп бойынша жергілікті әскери бас­қа­ру органдары арқылы шақырылуға болатындығы оқу орталығының салтанатты түрде ашылуы кезінде атап өтілді. “Кез келген армияның жауынгерлік әзірлігі, ол қаншалықты заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталса да, бірінші кезекте мамандардың дайындығы мен кәсібилігі арқылы бағалана­тындығы белгілі”, –деп атап өтті осы мәселеге байланысты Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. Жиынды өткізудің негізгі мақ­са­ты – әскери міндеттілердің әскери бі­лімі мен дайындық деңгейін арт­ты­ру. Сонымен бірге, жаңа қару-жарақ пен әскери техниканы мең­геру дағ­дысын қалыптастыру. Тиісті маман­дықтар бойынша әскери шеберлігін жетілдіру. Осы арқылы Қарулы Күш­тердің жауынгерлік және жұ­мылдыру әзірлігін арттыру. Аталмыш оқу орталығында әс­кери дайындықтан өтіп жатқан сар­баздардың өзгелерден ерекшелігі – 27 жастан асқан, кезінде түрлі себеп­термен әскер қатарына алынбаған азаматтар. Мұндағы айға жуық өтетін әскери оқу-жаттығулардың алғашқы бес күні оқу-танысу болса, қалған үш аптасы мамандықтарға дайындайды. Бұл жерде 10 маман­дық бойынша сарбаздар дайында­лады. Осындағы әскери міндетін ат­қарып жатқан жүзге жуық сарбаздың ішінде мұғалім де, заң қызметкері де, қарапайым қызметкер де бар. Олардың Отан алдындағы әскери борышқа кеш те болса келіп жат­қан­дарына қуанышты екендіктерін бұл жігіттермен кездесуде біз айқын аңғардық. Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар ауылынан келген Досым Алдажар өзінің Отан алдындағы борышын атқарып жат­қ­а­нына шексіз қуанышта екенін жеткізсе, петропавлдық 31 жастағы Алексей Зотов әрбір ер-азамат өз Ота­нын қорғау борышын өтегенін ар­мандайды, мен сол арманыма бү­гін жетіп отырмын, деді. Сондай-ақ Қарағандының Осакаров ауда­ны­нан келген 30 жастағы Самат Қожа да, оның құрдасы байқоңырлық Асыл­бек Отызбаев та өздерінің үлкен тебіреністе тұрғандарын жасырмады. Иә, қиындығы мен қызығы қа­тар жүретін әскер өмірі ел қорғаушы азаматтарымызды шыңдап, Отаны­мыздың қауіпсіздігін сақтауды көз­дейді. Қай кезде де ел тыныштығын сақтау мен қорғау айбынды армия­мыздың сардарлары мен сарбаздары еншісінде. Ал олардың Отан үшін жасап жатқан игі жұмыстарын жұрт­шылыққа жариялау БАҚ өкілдерінің құзырында. Аталған іс-шара бізге осыны меңзеді. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Қарағанды облысы, Спасск кенті.