Мемлекеттің кірістер комитеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде «жалған» шот-фактураларды жазып беру тәуекелінің ең жоғары ықтималдылығы бар компанияларға қатысты биометриялық сәйкестендіруді пайдаланбақ. Тауарларды нақты сатпай немесе жұмыстарды орындамай құжаттарды ресімдеу адал бизнес үшін қаржылық операциялардың қауіпсіздігі мен сенімділігіне қауіп төндіреді.
Салық органдары тек 2021 жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде компанияларды тіркеуге және шот-фактураларды жазып беруге қатысы жоқ 2,6 мыңнан аса құрылтайшы мен басшы анықтады. Осы және басқа да негіздер бойынша сот органдары тіркеуді және қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы 3,9 мыңға жуық шешім шығарды. Шот-фактуралар бойынша жалған айналым сомасы 1 трлн теңгеден асты.
«Тауарларды нақты сатпай немесе жұмыстарды орындамай қаржылық құжаттарды ресімдеу фактілері анықталып жатыр. Бұл ретте әкімшілендіру барысында мұндай «формальді» басшылар оларға компаниялардың тіркелгені және олардың атынан шот-фактуралар жазып берілгені туралы алғаш рет естіп отырғаны белгілі болды», деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Цифрлық жоба биометриялық сәйкестендіруді тек ерекше жағдайларда және жоғары тәуекел дәрежесінде қолдануды көздейді. Электрондық шот-фактураларды жазып беретін компаниялардың шамамен 1 пайызын қамтиды. Digital-ID шарасы бизнесті шектемейді: оны күніне бір рет кез келген ыңғайлы уақытта өту керек.
Салық органдары биометриялық деректерді жинамайды, тексеру электрондық үкімет порталында пайдаланылатын сервистерде жүзеге асырылады. Елімізде мемлекеттік қызметтерді алу кезінде осыған ұқсас технологияны қолданғанына екі жылдан аса уақыт болғанын атап өту қажет.