5 қарашада өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауына дайындық шеңберіндегі жұмыстар қарқын алды. Іс-шараға орай Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Атырау облысына инспекциялық сапармен келді.
Аймақта өткен жиынға Орталық сайлау комиссия мүшесі Шавхат Өтемісов пен ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты. Сапардың алғашқы күні Нұрлан Әбдіров С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесті. Ол еліміздің сайлау жүйесінде басталған саяси реформалар туралы кеңінен әңгімеледі.
Атырау облыстық мәслихатының шешімімен Исатай, Қызылқоға аудандарында әкімді тікелей сайлау алғаш рет өткізіледі. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясының басшысы Қамысқала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізу үшін Исатай ауданына ат басын тіреді. Ол бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының бұрын сайланған ауыл әкімінің атқарған жұмысының сапасы туралы пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары оның қызметіне оң баға берді. Тұрғындар ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденованың 2021 жылы Атырау облыстық «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңіске жеткенін де атап өтті. Ауылдағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Мусиннің пікірінше, әкімнің жұмысы нәтижелі болуы үшін қолданыстағы бюджетаралық қатынастарды жетілдіру арқылы әкімнің қаржылық дербестігін арттыру қажет, бұл өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауымен сәйкес келеді.
Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында жастармен кездесу де мазмұнды өтті. Жастар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, жас белсенді Еркебұлан Зинединов деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы тұру мақсатында тұрғындардың имамдарды сайлауы туралы мәселені көтерді. Жас кәсіпкер Арсен Смайылов, еліміз бойынша электрондық дауыс беруді енгізуді ұсынды, бұл қадам сайлауға қатысуды арттыру мүмкін екенін пайымдады.
Сондай-ақ ОСК төрағасы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы №159 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Мұқыр ауылдық округі әкімінің қатысуымен ауыл тұрғындарымен дәстүрлі кездесу өткізіп, алдағы сайлау науқанының маңыздылығын атап өтті. Тұрғындар сайланған әкімнің жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны, 93 жастағы ақсақал Өтеген Ораш көп жұмыс атқарылғанын, бірақ ауылды одан әрі бірге дамытуды жалғастыру қажетін айтты. Ал зейнеткер Ақниет Сахидің пікірінше, әкім ең алдымен әділ, адал, еңбекқор болуы және халық алдында берген уәдесін толық орындауы керек. Білім беру саласының ардагері, қоғамдық бастамадағы медиатор Қазима Кемелқызы аудан әкімінің сайлауында ауылдастарын кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын мұқият зерделегеннен кейін ғана белгілі бір кандидатқа дауыс беруге шақырды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Миялы ауылында жергілікті сайлау комиссияларының алдағы сайлауға дайындық барысымен танысты, сондай-ақ №144 сайлау учаскесіне барды.
Қызылқоға ауданының орталығында ауыл жастарымен қызықты кездесу өтті. Нұрлан Мәжитұлы өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлауды халықаралық байқау, дауыс берудің баламалы тәсілдері және оларды қолданудың шетелдік тәжірибесі туралы айтып берді. Атырау қаласының студенттері арасында өткізілгендей осы кездесуде де электрондық сауалдама жүргізілді. Осы екі сауалдаманың нәтижелері жалпы ұқсас болды.
Кездесу барысында жас ауыл тұрғындары сайлау жүйесінің түрлі мәселелері төңірегінде қызу әңгіме өрбітті. Мысалы, Жастар орталығының қызметкері Ризабек Амантай мерзімінен бұрын дауыс беру институтын енгізу мүмкіндігіне, ал жас журналист Айсәуле Ардаққызы дауыс беру үдерісін цифрландыруға, сайлауда электрондық дауыс беруді енгізуге қызығушылық танытты. Кездесуге қатысушылар сайланатын аудан әкімі қандай қасиеттерге ие болу қажеттігі жайында да өз пікірлерін білдірді. Жастармен жұмыс жөніндегі мамандар – Алтынгүл Айтқалиева мен Айдана Оспан жоғары білімінің, жеткілікті жұмыс тәжірибесінің болуына, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау қабілетіне тоқталды. Қаржы маманы Думан Нығметов пен кәсіпкерлік бөлімінің қызметкері Оралбек Отарбай халықпен және жастармен тиімді кері байланыс, оның ішінде әлеуметтік желілердегі байланыс дағдыларын бөліп көрсетті. Дулат Бәйдібек әкім жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге қабілеті болуға тиіс деді.
Сондай-ақ Н.Әбдіровтің төрағалығымен кеңес өтіп, оған облыстық, Исатай және Қызылқоға аудандарының сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Төраға алдағы сайлауға дайындық туралы баяндама жасады. ОСК басшысы аудан әкімдерін сайлау ерекше екенін, жергілікті сайлау, атқарушы және құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Ол әкімдікке және аумақтық сайлау комиссияларына мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жеткілікті орын беру, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешу жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Атырау облысы