Атырау облысында күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Әсіресе, жұтар ауа жұпар болмай тұр. Сол себептен қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін жол картасы қабылданған еді. Алайда табиғатқа қарсы тағылық әрекеттер әлі де бар.
Мұнайлы өңірдегі экологиялық ахуалдың жай-күйі Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысында талқыланды. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар жергілікті жерде шешімін таппай отырған мәселеге назар аударды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу бағытында жасалған жол картасына 22 іс-шара енгізілген. Соған сәйкес қоршаған орта тазалығын жақсарту үшін бірқатар жұмыс қолға алынған. Сондай жұмыстардың қатарында «Тухлая балка», «Квадрат» булану алаңдарын, Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі булану алаңының бөліктерін, Жайық өзенінің оң жақ жағалауындағы кәріздік тазарту ғимаратын жаңғырту бар.
«Жайық өзеніндегі ахуалды оңалту үшін түп тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда кейінгі үш жылда Жайық өзенінің арнасы тайызданып барады. Судың азаюынан өзен экологиялық зардап шегу алдында тұр. Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі былтыр 9,46-дан 4,93 текше шақырымға азайды. Бұл орташа жылдық ағыны екі есеге төмен. Осыған орай, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажеттігі байқалып отыр», дейді Ж.Бисембиев.
Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, бұл үшін бірнеше мәселеге назар аударылуы қажет. Біріншіден, Жайық өзенінің жоғары жағында орналасқан су қоймаларынан су жіберу көлемін арттыруға көңіл бөлінуге тиіс. Екінші, өзендегі су ағысын үйлестіру (синхронизация), ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастырылуы керек. Әрине, мұндай мәселелер Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, тіпті Үкіметтің араласуынсыз шешілмейді.
«Кейінгі жылдары Каспий теңізінің фондық деңгейі 2 метрге төмендеп, жағалаудан 25-30 шақырымға қашықтады. Тартылған судың орны тұзды құмдарға айналу қаупі туындап отыр. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігінен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін тиісті деңгейде қаржы бөлуді қажет етеді. Теңіз суының тартылу себебін анықтау үшін жедел ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізу, жағалаудағы тұзды шаңға тосқауыл қою үшін нақты бағдарламалар жасалуы керек деп есептейміз», деп мәлім етті Ж.Бисембиев.
Каспий теңізінің тартылуы фауна мен флораға қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені мұнда көмірсутегі шикізатын өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар бар. Қоршаған орта тазалығы сақталмаса, еліміздің Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдіктер мен жануарлардың түрлері біртіндеп азаюы ғажап емес.
«Қазір теңіз жағалауынан киік пен үстірт арқарын, дала бүркіті мен үкіні, паллас абжыланын, Шренк қызғалдақты кездестіруге болады. Енді осындай сирек кездесетін жануарлар мен қос қанаттыларды, бауырымен жорғалаушыларды, өсімдіктерді қорғау үшін «Солтүстік Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығын құру мүмкіндігін қарастырылғаны жөн. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде өсетін лотос та Қызыл кітапқа енгізілді. Лотос гүлі де арнайы қорғауға алынуы қажет. Бұл үшін «Ақжайық» резерватына аталған гүлдің аумағын қосымша қорғау құзыретін беру қажет», дейді Ж.Бисембиев.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың мәліметінше, Атырау облысында ауа бассейнінің ластануына мұнай-газ өндіру, мұнай өңдеу қызметімен айналысатын кәсіпорындардың үлесі артып отыр. Қазір бұл көрсеткіш 85 пайыздан асады. Биыл эмиссиялардың көлемі 52,793 мың тоннаға азайған.
«Мұның себебі – жанатын отын көлемінің, алау қондырғысында жағылатын газдың азаюы, жылыту пештерін жөндеу мен газ беруді шектеу. Компанияларға экологиялық заңдылықты сақтауға байланысты жоспардан тыс 24 тексеру жүргізілді. Тексерулер нәтижесімен қоршаған орта тазалығын бұзуға қатысты 33 дерек анықталды. Заң бұзушыларға 88 әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 11,039 млрд теңгенің айыппұлы салынды. Қазір экологиялық проблемаларды шешу Атырау қаласында орналасқан кәріздік сорғы стансаларын қалпына келтіру, Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында ағынды суларды алдын ала тазартуды қамтамасыз ететін кәріз-тазарту қондырғысын салу секілді мәселелер бар», деді М.Ошурбаев.
Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, мұнай-газ кен орындарын игеретін компаниялар қоршаған ортаны ластауды тоқтатпаса, келісілген міндеттемелерді орындамаса, келісімшартты бұзу мәселесі қаралады. Ал Каспий теңізі мен Жайық өзеніндегі экологиялық ахуалдың күрделенгенін БҰҰ деңгейінде көтеру қажет.
«Жыл сайын қоршаған ортаның тазалығын қорғауға қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Соған қарамастан биыл ахуалдың жақсарғанын көрмей отырмыз. Атырау облысындағы табиғат пайдаланушылар тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған. Ал ірі компаниялар әлі күнге дейін автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізбеген. Өндірістік кәсіпорындар тазартылған кәріз суларын технологиялық үдеріс үшін кері пайдаланбайды. Соның салдарынан өңірдегі ауыз судың бірден-бір көзі – Жайық өзенінің суын шамадан тыс көп тұтынады. Мұндай келеңсіз жайт онсыз да тартылып бара жатқан Жайық өзеніне кері әсер ететіні анық», деп мәлім етті Е.Жаңбыршин.
Атырау облысы