Қазақ даласының боз жусанын бір иіскеуді аңсап өткен Сұлтан Бейбарыстың тұлғалық, қолбасшылық, қайраткерлік қырын зерттеуге бетбұрыс жасалды. Өйткені ол – бала кезінде құлдыққа сатылып кеткенімен, Мысыр елінің даңқты қолбасшысы болған тарихи тұлға.
Биыл – Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл. Осыған орай Атырауда «Дешті Қыпшақтың тарихи тұлғалары: Бейбарыс және оның кезеңі» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған жиынға Қазақстан мен Мысырдан, Ресей мен Өзбекстаннан тарих, археология, этнология, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары қатысты.
– Мысыр елін 17 жыл билеп, мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған даңқты бабамыз Бейбарыс Дешті Қыпшақ даласынан көптеген зерттеу жазып қалдырған. Оның Қазақстанға да, Мысырға да ортақ тұлға екені дау тудырмайды. Сондықтан оның тарих ғылымындағы орнын айқындап, мұрасын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды парызымыз деп білеміз. Баһадүрдің туғанына 800 жыл толуына орай Атырауда басталған іс-шаралар легі Мысыр Республикасында да жалғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Халықаралық конференцияның панелдік отырысы үш бағытта жалғасты. Бірінші бағыт – Сұлтан Бейбарыс тұлғасының зерттелу тарихы мен тарихнамасы. Екіншіден, баһадүрдің тарихи ортасы археология, этнография және ескерткіштану материалдарында қалай көрініс тауып жүр? Тарихшыларды осындай мәселе қызықтырып отыр. Ал үшіншісі – оның әскери істегі, дипломатия мен әлемдік тарихтағы тұлғасы. Бұл да терең зерттелетін өзекті тақырыпқа айналатыны даусыз.
Мәселен, Мысырдағы Мансура университеті туризм факультетінің деканы, профессор, мәмлүктанушы Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибрахимның айтуынша, Сұлтан Бейбарыстың қайраткерлігі туралы әлі де айтылмаған, жарық көрмеген мәліметтер өте көп. Ол тек Мысырды ғана емес, Ислам дінін де қорғап қалған.
«Сұлтан Бейбарыс – қазақ халқы мен Мысыр тұрғындарына ғана емес, әлемге танылған кемеңгер. Оның мемлекет құру ісіндегі табандылығы, ерен еңбегі мен мұрасы адамзат қадір тұтатын ортақ құндылыққа айналуы керек. Сол себептен біз алдағы уақытта туристік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сол кезде Сұлтан Бейбарыстың ізі қалған жеті тарихи ескерткішті таныстырамыз. Біздің еліміздегі мектеп бағдарламасында да, жоғары оқу орындарында да Бейбарыс туралы тарихи деректер кеңінен оқытылады. Өйткені оның елді өркендетудегі ерен ісін жас ұрпақ білуге тиіс», дейді Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибрахим.
Тағы бір мысырлық ғалым, тарих ғылымдарының докторы Абдулла Атийе Абдулхафиздің пікірінше, Сұлтан Бейбарыс – Мысыр жұртшылығы үшін қайталанбайтын қайраткер. Ол мемлекеттің қалыптасу кезеңінде жетістікке жеткен ірі қайраткер екенін таныта алды.
«Сол кезеңде суаттар мен мешіттердің салынуына ерекше үлес қосқан. Бұл жеңіл іс сияқты болып көрінгенімен, мұның астарында елдік мүдде бар. Баһадүр Мысырды ірі мемлекетке айналдыру мақсатын көздеді. Ол 1266 жылы мәмлүктердің сәулет өнері үлгісінде әз-Захир Бейбарыс мешітін салуға әмір берген. Сөйтіп, Мысыр тарихына Қыпшақ мәмлүктерінің лайықты орнын тайға таңба басқандай етіп қалдырды. Мысыр мен Шам елінің төрт құбыласы түгел әрі біртұтас мемлекет болатынына сеніммен қарап, мешіттің іргетасын төрт бұрышты пішінде қалатқан», дейді Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибрахим.
Филология ғылымдарының докторы Керім Шамшәдиннің дерегіне сүйенсек, Қыпшақ мәмлүктерінің 25 өкілі билеуші болған. Ал шеркеш мәмлүктерінен 26 сұлтан шыққан.
«Мәмлүк» деген сөздің араб тіліндегі мағынасы «біреудің иелігіндегі адам» дегенді білдіреді. Ерте кезде Еуразия далалық аймағынан Мысыр жеріне тағдырдың тәлкегімен барып қалғандарды «абд мәмлүк» деп атаса керек. Бұл – «иеліктегі құл» дегенді білдіретін сөз. Кейін «абд» сөзі тек құлдарға қатысты қолданылды. Ал «мәмлүк» сөзі ресми терминге айналып, әскери қызметшіге қатысты айтылатын болған. Ортағасырлық араб тарихшылары «Мәмлүктердің Отаны – Қара теңізден Хазар теңізі арқылы Түркістанға дейін созылып жатқан Қыпшақ даласы» деген дерек қалдырған. Мәмлүктер жайлы айтқанда, тек Мысырмен ғана шектелмеуіміз керек. Олар үнді жеріне де аяқ басқан. Ал шеркес мәмлүктерін қазақтың шеркеш руымен шатастырмау керек. Себебі олар қыпшақ-түркі тілінде сөйлеген», деген пікірімен бөлісті Керім Шамшәдин.
Ресейлік тарихшы, ғылым докторы Эльмира Сайфетдинованың айтуына қарағанда, Бейбарыс – тарихшылардың зерттеуіне сұранып тұрған даңқты тұлға. Әсіресе оның билігімен әлемге танылған Мысырдың мәмлүк кезеңіне, Алтын Ордамен байланысына ерекше назар аударылуға тиіс.
«Сұлтан Бейбарыс билігінің алғашқы жылдары Берке ханның Алтын Орда мемлекетіне жетекшілік еткен кезеңімен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде Бейбарыстың дипломатиялық қыры байқалды. Ол екі ел арасында достық қарым-қатынас орнатуды қолға алды. Сұлтан Бейбарыс пен Берке хан бір-бірімен хат алмасып отырған. Алғашқы хат алмасу ол таққа отырғаннан кейін 1261 жылы басталған. Бейбарыстың хаты сол жылғы қарашада, ал Берке ханның жауабы 1263 жылы 11 мамырда жазылған. Осындай дипломатиялық, достық рәуіштегі байланыстың нәтижесінде Мәмлүк сұлтандығы мен Алтын Орда мемлекеті арасында одақ құрылды. Бейбарыс пен Беркенің достығының себебі көп. Біріншіден, Мәмлүк билеушісінің Отаны – Алтын Орда. Екіншіден, Мысыр сұлтаны Берке ханның саяси және діни көзқарасына қолдау білдірді», деді Эльмира Сайфетдинова.
Атырау облысы