• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 09 Қазан, 2023

Павлодар облысы: Жұтаңдаған шабындық

284 рет
көрсетілді

Керекуде шөп бағасы әр өңірде әртүрлі бағамен босатылып жатыр. Қырдағы ауылдарда биыл шабындықтың жұтаң болуынан мал азығын сырттан тасуға көшті. Орташа есеппен салмағы 300 килограмдық бір ораманың құны 7-15 мың теңге тұрады.

Май және Баянауыл ауданда­рын­дағы мал баққан ағайын құрғақшылық салдарынан шабын­дық жерлерге уақытында шыға алмады. Тек бұл кемшіліктің ор­нын тамыз айында басталған жаң­бырлы күндер толтырғандай болған. Алайда жаздың балауса шөбіндей емес, күзгі шауып жатқан шөптің сапасы көңілден шықпай тұр. Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің ақпарынша, салмағы 270-300 кг тартатын бір орама шөптің құны 7 мың теңгеден 11 мың теңгеге дейін. Ал шіл­де айында сырттан жеткізілген түктелген (18-20 кг-лық)  шөптің бағасы 1200 теңге болса, қазіргі күні оны шабындықтан 650 теңгеге, жеткізіп берсе, 800 теңгеге сатып алуға болады. Биыл өңірдегі қыстақтарға шамамен 122 мың тонна мал азығы жеткізілуі керек. Оның 50-60 пайызын жергілікті шабындықтар қамтамасыз етеді. Айтпақшы, ауданда алдағы жылдары «Көлібай» көлтабанын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ол іске қосылса, жаңадан 16,5 мың гектар шабындық пайда болады.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев бір орама шөптің құны 10-14 мың теңге тұратынын айтады. Шабындықтан алып кетсе, 10 мың теңгеден босатады. Аймауытов, Торайғыр, Майқайың, Бірлік елді мекенде­рінің жұртшылығы шөпті өзге аймақтардан сатып алып жатыр. Ал Жаңатілек, Сәтбаев, Мұрын­тал ауылдарына мал азығы Қаратомардағы шабындықтардан жеткізіліп жатыр. Бүгінде аталған аудан аумағында 96 мың ірі қара, 65 мың жылқы, 137 мыңдай ұсақ мал бар.