• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 09 Қазан, 2023

Орнықты дамудың ортақ мақсаты

206 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығы­мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Орнықты даму саласындағы ұлттық мақ­саттары мен міндет­тері­нің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі пар­ламенттік комиссияның екінші отырысы өтті. Кез­десу­де халықты сапалы медицинамен және біліммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан Палата төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессия­сында Мемлекет басшысы Орнық­ты даму мақсаттарына қол жет­кізудің бірқатар негізгі міндетін белгілеп бергенін айтты. Бұл ретте ұлттық денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы проблемаларға баса мән берілді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ор­нық­ты даму мақсаттарына қол жет­кізу ұлттық басымдыққа ие еке­нін айтты. Осы бағыттағы жұмыс­тарға депутаттық корпусты жұмыл­дыру үшін Парламенттік комис­сия құрылды», деді Мәулен Әшім­баев. Сондай-ақ Сенат төр­ағасы бұл жолда барлық мүд­делі тарап­тың өзара іс-қимылы ма­ңыз­ды екенін атап өтті және кездесуге қатысушыларды ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«Бізге Орнықты даму мақ­саттарын іске асырудың жүйелі тәсілдерін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ индикаторлардың ұлттық жүйесін жандандыру керек. Өңірлер бойынша Орнықты даму индикаторларының сапалы декомпозициясын жүргізудің де маңызы зор. Бұл жұмысқа өңірлерді белсенді жұмылдырған жөн», деді Палата спикері.

Комиссияның отырысына Пар­ламент депутаттары, Премьер-министрдің орынбасары, Денсаулық сақтау, Оқу-ағар­­ту, Ғылым және жоғары бі­лім министрлері, Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының Қазақ­стандағы өкілі, еліміздегі БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі, облыстар мен республикалық маңызы бар қа­лалар әкімдіктерінің басшылығы және мәслихат депутаттары, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев білім беру саласы бойынша ОДМ міндет­терінің іске асырылу ба­ры­сына тоқталды. Ол атал­ған ба­ғыттың күн тәртібі Қазақстанның білім беру жүйесіндегі мақсаттар мен міндеттерге көп жағынан сәйкес келетінін айтты.

«Бүгінде елімізде Орнықты дамудың «Барлығы қамтылған, әділ сапалы білім беруді қамта­масыз ету және баршаның өмір бойы оқу мүмкіндігін ынталандыру» мақсаты аясында білім беру сапасын арттыру және білім алуға тең қолжетімділікті кеңейту бағытында жүйелі шаралар кешені іске асырылып келеді. Барлық индикатор білім беру саласының негізгі стратегиялық және бағ­дар­ламалық құжаттарына, атап айтқанда, Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдамасына, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына және Білім министрлігінің даму жос­парына біріктірілген. Қазіргі таң­да мұғалімдерді даярлау бағдар­ламалары инклюзивті білім беру пәндерін қамтитынын да атап өткен жөн», деді Оқу-ағарту министрі.

ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыланың айтуынша, «ешкімді артта қалдырмау» қағидаты көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің негізі екенін айтты. Мұндай қағи­дат халықтың әлеуметтік аз қам­тылған топтарының денсаулық жағдайын жақсартуға және теңсіздікті азайтуға жол ашады.

«Қазақстан халықтың денсау­лығын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесін нығайту саласында айтарлықтай деңгейде алға жылжып отыр. Мемлекет ана өлімін, бес жасқа дейінгі бала­лар өлімін және жаңа туған нәрестелер өлімін азайту бағы­тында жаһандық мақсаттарға қол жет­кізді. Қазақстанның теме­кі мен никотин тұтынуға қарсы күресте қабылдап жатқан шара­лары ДДҰ-ның Еуропа бөлігі үшін үлгі екенін де айта кеткен абзал. Темекі мен нико­тинсіз орта қалыптастыру жолында шешуші қадамдар жасау және денсаулыққа байланысты салықтар енгізу қоғам денсаулығын қорғау үшін өте маңызды екені сөзсіз. Дегенмен  Орнықты даму мақсаты аясында «барлық саясаттағы денсаулық» тәсілі негізінде әр сектор тарапынан кешенді шараларды талап ететін бірнеше міндет бар», деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі.

Отырыстың қорытындысы бойын­ша кездесуге қатысушылар ал­дағы бірлескен жұмысқа қатыс­ты өз ұсыныстарын айтып, ОДМ-ға қол жеткізуге ықпал ететін ма­­­ңызды бастамаларға тоқталып өтті.